Аудан таланттарының тойбастары

Әні алты қырдың ар жағынан естілетін Әләушан мен Нәдірқұл, Қыздарбай мен Мәулікен, Өтеш пен Орынғали, Отарқос пен Сұлтан, Өтеген секілді сүлейлер өткен өлкемізде мәдениет ерте кезден қалыптасқан.

Тарихи деректерге иек артсақ, 1924 жылы ауданымыздың орталығы – Қаңбақтыда алғашқы пьеса қойылса, бертінде «Халық театрының» жұмысы дүрілдеп тұрды. Ал Жылыойдағы би өнерінің өркендеуіне дәнек салған Астана қаласы ұлт-аспаптар оркестрінің Бас дирижері, ленинградтық Сара Самойловна Колпакова болды. Аудандағы ұлт-аспаптар оркестрінің қалыптасуына сазгер, дүлдүл домбырашылар Тоқсанбай Құлтумиев, Елгелді Меңдияровтың үлесі зор. Сазгерлер Тоқсанбай Құлтумиев пен Зәбен Жарылғасовтардың шығармалары жұртшылыққа кеңінен танылды. Тоқсанбайдың «Оператор қарындас» әні, «Комсомол» күйі әлі күнге дейін еліміздің үлкен сахналарында орындалып жүр. «Жылыойда таяқ тастасаң, өнерліге тиеді» деп Қадыр Мырза-Әлі айтпақшы, өлкедегі өнер өрісі бұдан кейін де өрлей берді.

Ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында алдыңғы буын із салған киелі өнерді әр жылдары жалғастырушылардың басын қосқан «Жылыойдың жайсаңдары» деп аталатын талант иелерінің ән кеші өтті. Кештің шымылдығын Әлімжан Әбілхановтың дирижерлік етуімен аудандық ұлт-аспаптар оркестрі күмбірлеген күймен ашты. Аудан әкімінің орынбасары Фарида Ахметова мәдениет саласы ардагерлері мен қызметкерлерін ауданның торқалы тойымен құттықтап, осы салаға үлкен үлес қосқан өнерпаздарды аудан әкімінің алғысхатымен марапаттап, естелік сыйлықтар табыстады. Олар - ауданда отбасылық ансамбль өнерін дамытушы Жабас Құлбалиев пен Алухия Әділғалиева, «Жалын» вокалды-аспапты ансамблін құрушы, сазгер әрі отбасылық ансамбльдің мүшелері Қуаныш Бекенов пен Балзия Мусиева, халық арасынан шыққан актер Шалабай Тұрмағамбетов, Т.Құлтумиев ұлт-аспаптар оркестрінің белді мүшесі Балғын Нәріков, музыкант, дирижер Әлімжан Әбілханов, көркемсөз оқудың шебері, әнші, «Қазақ радиосы» арқылы елімізге танымал Дүйсәлі Қалдыбаев, дәстүрлі әнші Сайлау Мейірханова, ақын Жаңыл Байеділова, «Жалын» ансамблінің әншісі Жексен Имашев және Мерген Нұрханов.

Бүгінгі аудан сахнасының көркі боп жүрген жас буынды аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрбай Сүйембаев құттықтады. Ол Алпамыс Қалдыбаев, Гүлмира Қаналиева, Жанар Шотықбаева, Нұргүл Бақтығалиева, Динара Жарылғасова т.б. бір топ өнерпазды аудан әкімінің алғысхатымен марапаттап, сый-сияпат ұсынды.

Ал өнер иелері осындай құрметті сахнада ән мен жырмен қарымтасын еселеп қайтарды. Ардагер өнерпаз, Қосшағыл ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жексен Имашев Ш.Қалдыаяқовтың «Қайдасың?» әнін оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста шырқаса, ұлт-аспаптық оркестрі Талап Балғымбаевтың дирижерлік етуімен Құрманғазының күйі «Сарыарқа» күйін күмбірлетіп, төңіректі дүбірге бөледі. Шалабай Тұрмағамбетов Сақтаған Таубаевтың сықағын орындады. Қуаныш Бекенов пен Балзия Мусиева Шәмшінің «Ақсудан ұшқан аққулар» әнін тамылжыта әуелетті. Күйші Балғын Нәріков Құлшардың «Кербез керігін» орындады. Ақын Жаңыл Байеділова ауданның 90 жылдығына орай арнау өлеңін оқып берді. Алпамыс Қалдыбаев, Гүлмира Қаналиева және т.б. әншілер кештің көрігін ән-жырмен қыздырды.

С.ӘЛИ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521