Аудан әкімі тұрғындарды қабылдады

Зейнет жасына жақындаған анасы 2019 жылдан бері ауырып, өткен жылдан бастап мүлдем көруден қалыпты.

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Халел Жамалов партия ғимаратының қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудан тұрғындарын қабылдады. Оған партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шынар Темірбаева, партия мүшелері, аудандық әкімдіктің бірқатар дербес бөлім басшылары, құқық қорғау органы мен банк бөлімшесінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Партия төрағасының қабылдауына алғашқы болып келген тұрғынның бірі Айгүл Көкебаева еді. Ол қаладағы №9 жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі. Отбасымен Құлсарыдағы көпқабатты ықшамауданда білім бөлімі арқылы берілген қызметтік пәтерде тұрады екен. Күні бүгін аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінде үй кезегінде тұр. Қазіргі мемлекеттік қордан жалға алып отырған үйін он жылдан астам мекен етіп келе жатқан ұстаз аудан басшысынан осы уақытша пәтерін өз атағына жекешелендіріп беруді сұрады. Халел Жамалұлы оған қызметтік пәтерін жекеге айналдырған жағдайда әкімдіктің үй кезегінен шығарылатынын ескертті. Өтініш иесі де бұл заңдылықты жақсы білетін болып шықты. Мұғалімді мұқият тыңдаған төраға құзырлы орган басшыларына тапсырма беріп, мәселені аудан әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясы арқылы шешуді міндеттеді.

Катаракта ауруының салдарынан зағип болып қалған Салима Өтеулиеваны қызы жетектеп келді. Зейнет жасына жақындаған анасы 2019 жылдан бері ауырып, өткен жылдан бастап мүлдем көруден қалыпты. Ол партия төрағасынан Атырау қаласындағы Орынбордан келген көз дәрігерлеріне ота жасату үшін қаржылай көмек сұрады. Ал бала жастан мүмкіндігі шектеулі болып туылған сегіз жастағы қызын Ташкент қаласындағы клиникаға емдеткісі келген Л.Отарова есімді келіншек те көрші мемлекетке барып-келуі үшін аудан басшысынан ақшалай қолдау көрсетуді өтінді. Зағип анаға қажетті қаржыны Халел Жамалұлы өз еңбекақысы есебінен төлеуге уәде берсе, мүгедек бүлдіршіннің еміне қажетті қаржыны демеушілік көздері арқылы қарастыруға уағда етті.

ІІІ топтағы мүгедек Р.Рахметова болса, бұрын еш жерде жұмыс жасап көрмеген, еңбек өтілі де жоқ. Бірақ соған қарамастан, мүмкіндігі шектеулі жанмын деп үйде қарап отыруды жөн көрмеген ол қоғамға пайдалы бір кәсіппен айналысқысы келеді. Сол себепті аудан басшысынан өзінің денсаулығына сай қызмет тауып беруін сұрады. Аудан әкімі жұмыспен қамту орталығының директоры Қайрат Омаровқа тапсырма берді. Ол «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңының 13-бабының 1-тармағына сәйкес, Райханға орталыққа келіп, жұмыссыз ретінде тіркелуге кеңес берді. Бұдан соң қажетті жұмыс көзін қарастыруға немесе қысқа мерзімдік курсқа оқуға жіберіп, мамандық алуына жәрдемдесуге келісті.

А.Н. есімді 31 жастағы құлсарылық жігіт аудан әкімі Х.Жамаловқа онлайн форматта қашықтан байланысқа шықты. Өзінің түсіндіруінше, оның банктік есепшоттары бұғатталған екен. Сондықтан ол жұмыс орнынан жалақы алу мақсатында банк карточкаларын қайта аштыруға ықпал етуді сұрады. Аталған мәселеге байланысты қоғамдық қабылдауға шақыртылған аудандық прокуратураның прокуроры А.Есім мән-жайды былайша түсіндірді:

-Аталған азамат 2019 жылдың желтоқсанында аудандық соттың үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 405-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, екі жыл, алты ай мерзімге бас бостандығынан айрылып, бірақ кодекстің 63-бабына сәйкес шартты түрдегі жазаға сотталған. Қазіргі таңда пробация бөлімшесінің бақылауында. Яғни, елімізде экстремистік ұйым деп танылған «ДВК»-ның әрекеттерін насихаттағаны үшін заң алдында жазаға тартылды. Ал «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заңның 12-бабы 4-бөлігінің 3-тармағына сәйкес, яғни: «терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне жеке тұлғаны енгізу үшін оны аталған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп тану туралы соттың заңды күшіне енген үкімі негіз болып табылады». Көріп отырғанымыздай, аудандық соттың үкімімен ол кінәлі деп танылып, аталған тізімге енген. Сондықтан оның есеп-шоттары бұғатталып, банктік операцияларды жасауға шектеу қойылып отыр.

Қоғамдық қабылдауға Kaspi bank Құлсары бөлімшесінің өкілі Б.Ерқасов та қатысып, осы мәселеге байланысты түсінік берді. Банк қызметкері мен прокуратура өкілі өтініш иесіне банк есеп-шоттарын қайта аштыру үшін жаза өтеу мерзімі аяқталғаннан кейін соттылығы туралы қағазын жалғап, еліміздің Қаржы министрлігінің қаржы мониторинг агенттігіне арыз жолдауға кеңес берді. Тек содан кейін ғана мәселе шешілетіндігін жеткізді. Егер агенттік арызын қанағаттандырмаса, онда сотқа жүгінуге болатынын ескертті.

Бұдан басқа М.Қуанова, С.Ерназар сынды жұмыссыз жандар да өз өтінішімен келді. Оларды қабылдаған партия төрағасы Х.Жамалов мәселенің оңтайлы шешімін табу жолдарын айтып, кеңес берді.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521