Жылыой ауданы әкімінің демеушілік көмегімен Жылыой жедел жәрдем бөлімшесіне 2 су жаңа реанимобиль автокөлігі табысталды.
Бүгінде халық денсаулығын жақсартуда денсаулық сақтау саласы қызметкерлері қарқынды жұмыстар атқаруда. Тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсету жолында көптеген мүмкіндіктер жасалып жатыр. Медициналық мекемелер жаңа технологиялармен жабдықталып, емдеу сапасы жыл өткен сайын артып келеді.
Халықтың игілігі үшін жасалып отырған игі шараға аудан әкімінің орынбасары Әнуар Играшинұлы келіп, қатысты.
Ол жиналған көпшілікке: «Құрметті медицина саласының қызметкерлері! Бүгінгі күн - сіздер үшін қуанышты күн. Себебі, дәл осы сәтте сіздерге аудан әкімдігінің қолдауымен, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2 «Жедел жәрдем» көлігін сыйға тартқалы отырмыз. Бұған дейін мекемелеріңізде талапқа сай құрал-жабдықтар мен жаңа көліктің жетіспеушілігі салдарынан сіздердің көптеген кедергілерге тап болып жүретіндеріңіз белгілі. Соған қарамастан аудан тұрғындарына көрсеткен адал қызметтеріңіз қай кезде де біздің басты назарымызда»,- деп жылы лебізін білдіріп, аталған бөлімшенің меңгерушісіне көлік кілтін табыстады.
Сондай-ақ ол өз сөзінде алдағы уақытта ауданда жаңа жедел жәрдем бөлімшесінің бой көтеретіндігі жөніндегі жағымды жаңалықпен бөлісіп, қызметкерлерді көтеріңкі көңіл күйге бөледі.
Ш.Хамитова