Облыс тұрғыны ақтүтек боранда көліктерге жол көрсеткен жылыойлық полиция қызметкеріне өз алғысын білдірді
23 ақпан күні Құлсары қаласынан Жаңа Қаратон поселкесіне бет алған Дастан Дүйсенғалиев ауа райының күрт өзгеріп, боран тұруына байланысты автокөлігі кенеттен істен шығып, жол шетінде тұрып қалған. Жылыой ауданы Жаңа Қаратон поселкесінің учаскелік полиция инспекторы Нұрбек Көшербаев көлік иесін байқап, бірден көмекке келген.
Ызғар аязда, суықтап қалған көлік жүргізушісі аудан сақшыларына өз алғысын білдіріп, полиция қызметкерлерінің қиын да жауапты қызметтеріне сәттілік тілеген бейнежазбасын департаменттің ресми парақшасына жолдады.
- Менің кезекшілігім кеше таңғы тоғыздан түнгі 11-ге дейін болды. Аудан аумағында, республикалық маңызы бар жолдарда көлігі қарға батқан бірнеше көлік иелеріне көмек көрсеттік. Қандай жағдай болмасын азаматтарды қорғау, көмектесу – біздің басты міндетіміз,-дейді Жылыой ауданы Жаңа Қаратон поселкесінің учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Нұрбек Көшербаев.
Бұған дейін жылыойлық полицейлер жүк көлігімен қар құрсауында қалған шетел азаматын ажалдан арашалап қалған. Ол Түркияның Стамбул қаласынан Өзбекстан Республикасына бара жатқан.
Атырау облысы Полиция Департаментінің
баспасөз қызметі
Сурет: ашық дереккөз