Атыраудың «Жыл кәсіпкері» анықталды

Атыраудың «Жыл кәсіпкері» анықталды

Атырауда бәсекеге қауқарлы кәсіпкерлерді қолдауға арналған «Жыл кәсіпкері 2023» өңірлік байқауының марапаттау кеші өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев өңір халқының қолайлы өмір сүруіне, ел экономикасының дамуына кәсіпкерлер қосқан үлес аз емес екендігін атап өтті.

- Бүгінде Атырау облысында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 72 873. Бұл өсім өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,5%-ға артты. 2023 жылы кәсіпкерлерді қаржылай қолдауға бюджеттен 16,1 млрд теңге қаралды. Нәтижесінде бүгінгі күні 2000-нан астам кәсіпкер қолдау тауып, олармен 1200 жаңа жұмыс орны ашылды,- деді М.Мурзиев.

Үздік кәсіпкер қатарынан танылуға облысымыздан 130 өтініш келіп түскен. Жүзден жүйрік атанған мықтылар 12 номинация бойынша марапатталды.

Нәтижесінде, «Жыл кәсіпкері-2023» өңірлік байқауында «Үздік жас кәсіпкер» номинациясын Мақат ауданының жеке кәсіпкері Есімхан Табылдыұлы иеленді.

«Үздік Сәтті старт» номинациясы бойынша Жылыой ауданынан келген, ЖК «Zhuldyz-AI» директоры Жұлдыз Жандосқызы үздік деп танылды.

Жылыой ауданының тұрғыны, «Аманесен» ШҚ директоры Мұрат Исағалиев «Үздік Отбасылық бизнес» номинациясының иесі атанды.

2023 жылдың «Сауда саласының үздігі» болып Құрманғазы ауданы ЖК «Махмудова Б.К» директоры Бахтылы Махмудова, «Қызмет саласының үздігі» болып «Baby City» ЖШС директоры Маржангүл Сулимова атанды.

Байқау қорытындысымен 2023 жылдың «Үздік өндіруші» номинациясының жеңімпазы болып ЖК «Елеусінов» директоры Марат Елеусінов,  жылдың «Үздік әлеуметтік кәсіпкері» болып «Миялы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің» директоры Асылбек Мұратов танылды.

Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасының ұсынысымен «Мейрамхана бизнес саласының үздігі» номинациясын Светлана Сарбалиева иеленсе, биыл бірінші рет аталып отырған «Кәсіпкерлік саласындағы үздік мемлекеттік қызметкер» номинациясы Қызылқоға ауданы, «Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы» бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфееваға бұйырды.

«Фатима групп» ЖШС директоры Фатима Тулеева «Үздік кәсіпкер әйел» атанса, Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер қауымдастығының шешімімен Индер ауданы ЖК «Карашина А» директоры Алия Карашинаға «Бизнестану Әлия» номинациясы берілді.

2023 жылдың қорытындысымен «Жыл кәсіпкері»  номинациясының иегері болып «Нефтестройсервис» ЖШС құрылтайшысы Ибрагим Акдрашев танылды. Кәсіпкер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұтынушыларға қолжетімді бағамен ұсынып, облысымыздың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде елеулі үлес қосып келеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT