Атырау қаласында өткен 3 тәулікте жеке үйлердің ауласынан 40 мың текше метр су шығарылды. Толассыз жауған жаңбыр салдарынан облыс орталығындағы 300-ге тарта үйге су басу қаупі төнген болатын. Орталық диспетчердің кезекші бөліміне 5 мыңға жуық қоңырау түскен. Атап айтқанда, Мирас, Сарықамыс, Балауса, Өркен, Жұлдыз және ескі аэропорт ықшам аудандары және ескі қала аумағы айдынға айналды.
Наурыздың 26-29 аралығында облыста 18 милиметр, яғни 1,5 айлық мөлшерде ылғал түскен. Қазір барлық күш облыс орталығын жаңбыр суынан құрғатуға бағытталды. Оған 72 арнайы техника жұмылдырылып, күндіз-түні кезекшілікпен жұмыс атқаруда.
—29 наурыз сағат 11.00-дегі ақпарат бойынша 165 жеке сектордың ауласындағы суды сыртқа шығардық және де 46 тұрғынның аула ішіндегі көлік тұрағының жазғы ас үйі мен кіреберіс бөлмелерін құрғатудамыз. Зейнеткерлер мен мүгедектерді бірінші кезекке қойып, сол азаматтардың өтініштерін орындап жатырмыз. Жұмыс тәулік бойы жалғасады,- деді Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген.
Сурет Е.Алтыбаевтікі