Атырауда Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды

Атырауда жаңартылған Жеңіс саябағында 9 мамыр – Жеңіс күніне орай гүл шоқтарын қою салтанаты өтті. Оркестр әуенімен сүйемелденген бір минуттық үнсіздік кезінде қала тұрғындары ерлікпен қаза тапқандарды еске алып, олардың бейбіт өмір үшін жасаған ерліктеріне тағзым етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Биыл еліміз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуде. Жаңғыртудан кейін жаңа келбетке енген Жеңіс саябағында өткен шарада бүгінгі ұрпақ өз өмірін бейбітшілік жолында құрбан еткен ардагерлерге алғыс білдірді.

Салтанатты рәсім Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, майданнан оралмаған, ел үшін жанын қиған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Мәңгілік алауға гүл шоқтарын Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, тыл ардагерлері, Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқандар, құрметті қарауыл ротасы, басқарма басшылары, Атырау гарнизонының әскери қызметкерлері мен сарбаздары қойды. Қала тұрғындары да гүлдерін, балаларын алып, «Жеңіс күні» әнімен монумент алдына келіп тағзым етті.

Бүгінде Атырау облысында 13 тыл еңбеккері мен бір концлагерь тұтқыны өмір сүруде. Өкінішке қарай, Ұлы Отан соғысының ардагерлері арамызда жоқ. Алайда олардың ерлігі мен есімі халық жадында — ұрпақтан ұрпаққа сөзбен де, бүгінгідей шаралар арқылы да жалғасып келеді.

Аружан Ажимкулова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT