Атырауда «Менің елім – менің Туым» акциясы өтті

Бүгін Атырау қаласында Республика күніне орай мемлекеттік Туды насихаттауға арналған «Менің елім – менің Туым» акциясы өтті.

«АMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен шарада Атырау қаласы «Алмагүл» шағынауданындағы №22 үйдің болкондарына мемлекеттік Ту ілінді.

Республиканың негізгі нышаны мемлекеттік Туға деген патриоттық рухты арттыруға бағытталған акция елдің барлық өңірінде бір мезетте ұйымдастырылды.

–Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен былтырдан бастап Республика күні ұлттық мереке мәртебесін иеленді. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданғаны тарихтан белгілі.  Бұл құжатты қабылдау Тәуелсіздік жолындағы алғашқы әрі маңызды қадам болды. Республика күні қарсаңында мемлекеттік Туды ілу акциясын өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл – «елім» деген әрбір азаматтың Отанға, туған жерге, туған елге деген құрметтің басты белгісі. Біз көк Туымыз ашық аспан астында желбіреген бейбіт елде өмір сүріп жатқанымызды мақтан етеміз. Көк байрағымыз лайым көкте желбірей берсін, – дейді «АMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының кеңесшісі Жалғас Халелов. 

 

Іс-шараға жиырмаға жуық атыраулық белсенді жас қатысып, 15 Туды ілді. Жастар қолға алған бұл істі кез келген тұрғын мен қала қонақтары Республика күніне дейін ерікті түрде жалғастыра алады. Олар Туды үйіне, қоғамдық орындарға, көлігіне іле алады. Кәсіп иелері де акциядан шет қалмай мемлекеттік Туды дүкендеріне, мейрамханаларына, басқа да кәсіптік нысандарына орнатуға болады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT