Атырау облысына шетелдік жұмысшыларды тартуға квота белгіленді. 2022 жылы бөлінген квота саны 394, деп хабарлайды ATPress.kz.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын жұмыс берушілердің қажеттіліктері бойынша Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартуға квота белгілейді және бөледі. 2022 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,31% немесе 28,3 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.
Ал, маусымдық жұмыстарға биыл республика бойынша 3 302 адам тартылуы мүмкін. Егер өткен жылы Атырауға маусымдық жұмыстарға 600-ден астам шетелдік келсе, бұл жолы 394 мигрантқа квота бөлінді. Атыраулық фермерлер жұмыс күшінде тапшылықты сезініп отыр. Жергілікті тұрғындар далада жұмыс істеуден көп жағдайда бас тартатындықтан, фермерлер мигранттарды жұмысқа қабылдауға өтініш беруге мәжбүр.
"Дастан" ШҚ – Махамбет ауданындағы ірі шаруашылықтардың бірі. Егістіктерде шаруа қожалығы бақша дақылдарын өсіреді. Шаруашылық шетелдік азаматтарды егін егу үшін маусымдық жұмыстарына тартып келеді.
- Өткен жылы барлығы 9 адамға квота мақұлданды. Биыл 90 адам сұрап отырмыз. Ауыл тұрғындары дала жұмыстарына келмейді. Егер біз жергілікті 20 адамды жұмысқа қабылдайтын болсақ, олардың тек 10-ы ғана жұмысқа жауапкершілікпен қарайды. Көпшілігінің жұмыс уақыты той , садақаға сұранумен өтеді. Өзбекстаннан келген жұмысшылар алқаптардағы қиындықтарға төтеп бере алады. Ақпан айының соңында біз көшет отырғызуымыз керек. Ал жылыжай әлі ашылған жоқ, себебі жұмысшылар әлі келген жоқ, - дейді "Дастан" шаруа қожалығының басшысы Қоныс Ерманов.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнес өкілдерінің шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны ұлғайту туралы ұсыныстарын қолдамаған болатын.
Президент Қазақстанда жұмысқа қабілетті азаматтардың жеткілікті екендігін атап өткен еді.
- Биыл квоталар саны азайды. Себебі, бірінші кезекте жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз ету қажет. Дегенмен, біз тағы 756 адамға квота алуға өтініш бердік, - деді Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов.
Лязат Салимова