Атырауда ұлттық киімдер шеруіне мыңнан астам адам қатысты

Қазақстан Республикасының Рәміздері күніне орайластырылған ұлттық киімдер шеруіне 1 мыңға жуық атыраулық қатысты, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлекті қыздар мен кимешекті аналар және шапан киген ерлер «Исатай-Махамбет» орталық алаңынан «Сұлтан Бейбарыс» алаңына дейінгі аралықты жүріп өтті. Жол бойы халық әндері мен патриоттық әндер шырқалды. Шерушілердің арасында Атырау облысының алып адамы Парасат Нұрғалиев те бар. Алып тұлғалы азамат мемлекеттік Туды көкке көтеріп қатысушылардың көшін бастады. Іс-шарада қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов ұлттық киімдерді ұлықтаудың маңыздылығына тоқталды.

- 1 маусым - балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келтіріп, еліміздің мемлекеттік Рәміздер күніне орай ұйымдасырылып отырған Ұлттық киімдер шеруі қала халқына ерекше әсер қалдырады деп сенеміз. Біздің мақсат - ұлттық киімдерімізді дәріптеу. Оның әр түрлерін көрсетіп, кейінгі ұрпақты қызықтыру. Бұл ретте қазақ киімінің өңі өшпесін деген тілек білдіреміз. Қуантарлығы сол, бұл шеруге еңбек ұжымдарынан бөлек, қала халқы өз қалауымен қатысуға ниет танытып, нәтижесінде 1 мыңға жуық адам жиналды,- деді Н.Ермұханов.

Ұлттық нақыштағы киімдер шеруі «Сұлтан Бейбарыс» алаңында балаларды қорғау күніне арналған концерттік бағдарламамен жалғасты. Мерекелік концертке Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи арнайы келіп, балалар күнімен құттықтады. Жылы лебізін білдіре тұріп, қала әкімдігінің жұмыс жоспарларын да атап өтті.

- Өздеріңіз білесіздер Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев әр өңірде балаларға жағдай жасалу үшін тиісті тапсырмаларды беріп отыр. Атырауда да бұл жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Былтыр 9 жаңа мектептің құрылысы басталды, биыл оған қосымша 5 мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл қала маңындағы елді мекендердің балалары үшін қолға алынбақ. Сондай-ақ, 1-ші қыркүйекке 2 мың орындық үлкен екі мектепті ашуды жоспарға алдық. Бұдан бөлек, жалпы білім беретін мектептерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары да жоспарда бар. Мұның барлығы балалардың сапалы білім алуы үшін жасалып жатырған жұмыстар. Сонымен қатар, балалар жазғы демалыстарын жақсы өткізуі үшін тұрғын үй аулаларындағы ойын алаңдарын реттеу және спорт, ойын алаңдарын салу жұмыстары да белсенді түрде жүргізілуде,- деді М.Қалауи.

Өз сөзін қорытындылай келе, қала басшысы осындай іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтіп, Атырау қаласының тұрғындарына белсенді қатысқаны үшін алғысын білдірді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT