«AMANAT» партиясының отандық әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға, адамдарды оқуға ынталандыруға, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларды қолдауға бағытталған «Кітап-AMANAT» жобасы аясында «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалында «КІТАП-AMANAT» мәдени-ағарту орталығының ресми түрде ашылу салтанаты өтті.
Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне, ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар басып шығаруға ерекше назар аударды. Ол кітап шығару ісі идеологиялық жұмыстағы басты бағыттың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, Президент халық арасында кітап оқу мәдениетін дамытудың маңыздылығын үнемі айтып келеді.
– «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» демекші, партияның басшылығымен әр өңірде кітап орталықтары ашылып жатыр. Мақсатымыз – елдегі, өңірдегі ақын-жазушылардың кітаптарын кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың бойында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Облыстық филиал Ұлттық кітап палатасымен меморандумға отырып, бүгінде тікелей баспа бағасымен 700-ге жуық кітап келді. Бұл орталық тек кітап сататын дүкен ғана емес, өңірдің ақын-жазушылары бас қосатын, жаңа кітаптарының тұсаукесері өтетін үлкен орталық болады, – деді «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов.
Атырау облысының құрметті азаматы, филология ғылымының докторы, профессор, ардагер ұстаз Қадір Жүсіп пен Қоғамдық кеңестің төрағасы, партия ардагері Максим Ізбасов салтанатты түрде лента қиып, іс-шара қонақтары орталықтың жұмысымен танысты. Мұнда балаларға арналған кітаптан бастап отандық және шетелдік жазушылардың туындылары, психологиялық, қаржылық тақырыптағы танымдық кітаптардың барлығы бар.
– Қазақта «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген бар. Соңғы жылдары халқымыз көп уақыт кітаппен достығын жоғалтып алды. Бүгінгі «AMANAT» партиясының бастамасы ұлттық идеологияға үлкен әсерін тигізетін, сол өшкенімізді жандырып, жоғалтып алғанымызды қайта қалпына келтіріп жатқан жақсы қадам деп есептейміз, – деді Максим Шапихұлы.