Атырауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін тасымалдаушы8 сатушы кәсіпкерлік субъектілерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жиынға Кәсіпкерлік және туризм басқармасы, Сауда департаменті, Кәсіпкерлер палатасы, Экономикалық тергеу департаменті, Атырау қаласының әкімдігі, Ауыл шаруашылығы басқармасы, Техникалық реттеу және метрология комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшылары мен өкілдері, сондай-ақ кәсіпкерлер қатысты.
Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабеков облыс әкімдігі жанынан тиімсіз және заң талабына сай емес қызмет ететін делдалдарды анықтау бойынша арнайы комиссия құрылғанын айтты. Сондай-ақ биыл 30-ға жуық комиссия отырысы өткізіліп, нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар сары май, тауық еті және сүт өнімдерінің соңғы дүкен сөрелеріне жеткенге дейінгі делдалдарды анықтап және олармен тауарға қосылатын үстеме бағалары 30-60 пайыз асырылып сатып жатқаны анықталғанын жеткізді.
-Атап айтсақ, «АтырауПробСнаб» ЖШС-мен сары май өнімі «Идеал Маркет» ЖШС-нің 40 сауда желісінде бұрын 2690 теңгеден сатылып жатқаны анықталып, қазір аталған өнім 1680 теңгеге түсіріліп, сатылуда. Сондай-ақ супермаркет желілерінде басқа облыстардан тасымалданатын тұз 75 теңгеден сатылып жатқаны белгілі болып, жергілікті тауап өндіруші «Индер тұз» ЖШС-нің өнімін 45-55 теңгеден сатуға ұсыныстар берілді. Нәтижесінде өңірдегі 58 супермаркетте тұз бағасы орта есеппен 34 пайыз төмендетіліп, 45-55 теңгеден сатылуда. Сонымен қатар, «Трейд Стандарт» ЖШС, «Нурсагитов» ЖК, «АДК-Батыс» ЖК сүт, сары май және тауық еті өнімдеріне үстеме бағаны 30-60 пайыз қосып, супермаркет желілеріне тасымалдап жатқаны анықталды. Қазіргі таңда комиссиямен үстеме бағаны заң аясында 15 пайызға дейін төмендету бағытында тиісті жұмыстар жүргізілді. Енді келесі тасымалданатын тауар бағасы төмендетіліп келеді деп жоспарлануда,- деді Н.Жаңабеков.
Сондай-ақ оның айтуынша, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабына сәйкес, тауарларға үстеме баға 15 пайыздан асырылған жағдайда шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 10 АЕК (34500тг), орта кәсіпкерлік субъектілеріне 75 АЕК (258750тг), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК (1 млн 35 мың тг) дейін айыппұл төленеді.
Ал комиссия төрағасының орынбасары Шәкір Кейкин биыл өңірде Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті құрылып, сауда саласына қатысты бірқатар функция аталған департаментке жүктелгенін атап өтті.
Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағаларын тұрақтандыру Мемлекет басшысының алға қойған мақсаттарының бірі екенін, сондықтан заңсыздыққа жол бермей, әр кәсіпкер өз жұмысына жауапкершілікпен қарау қажеттігін баса жеткізді. Өз кезегінде Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Нұрболат Сарманов кәсіпкерлер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып жатқанын, сондықтан еңбектерін бағалайтынын, алайда заң шеңберінде жұмыс жасау қажеттігін айтты.
Жиында кәсіпкерлер тауар тез бұзылуынан шығын ұлғаятынын, шағын азық-түлік дүкендерінде бағаны ұстап тұру қиын екенін, қосымша құн салығы туралы, тасымалдау шығыны, тағы басқа өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
Сұрақтарға жан-жақты жауап берген Н.Жаңабеков кейбір жағдайларда, яғни тасымалдау, сақтау, бүліну және импорттауға кеткен шығындар кезінде баға өсіміне заңда рұқсат берілетінін түсіндірді. Мұндай жағдайда акт жасақталып, кәсіпкер аталған жағдайға дәлел келтіру керек.