Іс-шараға өңірдегі 54 кәсіпорынның өкілдері қатысып, жұмыс іздеушілерге мыңға жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Оның басым бөлігі жұмысшы мамандықтарға, ал қалғаны инженерлік бағыттарға тиесілі. Өңірде механик, жүргізуші, электрші, қоймашы және аспаз мамандарына сұраныс жоғары. Жәрмеңкені Атырау облысы бойынша Еңбек мобильді орталығы ұйымдастырды.
Жәрмеңкеге алимент берешегі бар азаматтар да шақырылды. Мақсат – оларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
– Жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысу үшін азамат ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Жәрмеңке қорытындысы бойынша жұмыс берушілер үміткерлерді тестілеуден өткізіп, кейін жұмысқа қабылдау туралы шешім қабылдайды. Кәсіпорындар жұмысқа қабылданған қызметкерлер туралы мәлімет беруге міндетті. Қазіргі уақытта ірі компанияларда штат саны қысқарып жатыр. Сонымен қатар кейбір жұмыс іздеушілер жалақысы жоғары бос орындарға ғана үміт артады, – деді Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Мариямгүл Жанабаева.
Бүгінде облыста жұмыссыз ретінде 18765 адам тіркелген. Биыл жергілікті билік осындай 46 жәрмеңке өткізуді жоспарлап отыр.




