Атырауда 8 нысан жемқорлық тәуекелдер картасына енген

Бұл туралы Антикордың Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов Атырау облысына жасаған жұмыс сапары аясында айтты. Ол қоғам өкілдерімен өткен кеңесте жемқорлық тәуекелдерінің картасына енген 8 нысанды бақылауға алғандығын мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress.

Атап айтқанда Қызылқоға және Махамбет аудандарындағы мәдениет үйлері, Исатай және Мақат аудандарындағы 60 пәтерлі тұрғын үйлер, Индер ауданындағы 80 пәтерлі тұрғын үй,Талғайраң ауылындағы 9 қабатты 90 пәтерлі тұрғын үй және кәріз және сумен жабдықтаудың инженерлік желілерін салу, сондай-ақ, Исатай ауданы Аққыстау ауылындағы өрт сөндіру депосы бақылауға алынды.

«Бюджет қаражатын жымқыруға жол бермеу барысында аталған нысандарға мониторинг жүргізіледі. Бұл процеске сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер де, жұртшылық та қосылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы азаматтардың қажеттіліктері мен үміттерін қанағаттандыру Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басты міндеті», - деп атап өтті Саян Ахметжанов.

Сондай-ақ, жұмыс сапары аясында мердігер ұйымның өкілдері мен тапсырыс берушілердің қатысуымен Талғайран ауылындағы нысандардың құрылыс барысымен танысты. Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов кездесу соңында айтылған ұсынымдар мен ұсыныстарды, сондай-ақ өңір тұрғындарының әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуде қолдау көрсетуге және күш біріктіруге шақырды.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT