Атырау облысының әкімі сала сарапшыларымен және ардагерлерімен су тасқынына қарсы шараларды талқылады

1993-94 жылы Жайық өзенінде өр суы 575 сантиметрге көтеріліп, өзен алқабындағы елді-мекендер, ауыл шаруашылығы нысандары мен егістікті су басты. Биыл бұл жағдай қайталануы мүмкін. Серік Шәпкенов ауыл-аймақты тасқыннан аман алып қалу үшін 1993-1994 жылдар аралығында осы салада еңбек етіп, тілсіз жаумен күресте тәжірибе жинаған ардагерлермен және сарапшылармен кездесті.

Отырыс барысында ардагерлер су тасқынының алдын алу бойынша өз тәжірибелерімен бөлісіп, мынадай ұсыныстарын айтты:

- Геодезистерді тарту арқылы Балтық биіктік жүйесіне сәйкес бөгеттер мен жағалау бөгеттерін салу;

- су келген кезде балық қырылу фактілерін болдырмау мақсатында штабқа балық шаруашылығымен айналысатын эпидемиологтар мен мамандарды тарту;

- топографиялық түсірілім жүргізу және арнайы карта жасау. Оған БҚО шекарасынан Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласына дейінгі жағалау аймағын енгізу. Техника бекіту.

- Нарын, Бақсай, Соколов, Сарыөзек каналдарының арналарын тазарту.

Серік Шәпкенов кездесуге қатысушыларға ұсыныстары үшін алғыс айтып, сала сарапшыларының тәжірибесі табиғи апатпен күресте көмектеседі деп үміт білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі жедел штабқа нақты тапсырмалар берді. 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521