Атырау облысында "Мәңгілік Абай" атты онлайн телемарафон өтті

10 тамыз - Абай күніне орай ұйымдастырылған телемарафон көпшілікке "Атырау" телеарнасы мен облыс әкімдігінің әлеуметтік желілері арқылы көрсетілді, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Телемарафон Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің құттықтау сөзімен ашылды. Аймақ басшысы облыс тұрғындарын Абай күнінің ең алғаш мерекеленуімен құттықтады.

-  Ардақты атыраулықтар, қадірлі жерлестер! Биыл Алаштың алыбы, Қазақтың данасы - Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл. Осы орайда былтыр мемлекет басшысы дара тұлғаның мерейтойын тағылымды тұрғыда атап өтуді тапсырған болатын. Нақты айтқанда, той-мереке емес, ой-берекенің ұйытқысына айналуын ерекше айтқан еді. Кемел кемеңгердің мерейтойы аясында бүгін Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет Абай күнін мерекелеудеміз.  Мәртебесі жоғары айрықша күнді бұдан былай жыл сайын тамыздың 10-да атап өтеміз.  Ендеше баршаңызды Абай күнінің елімізде алғаш рет аталып өтуімен шын жүректен құттықтаймын,- деді Махамбет Досмұхамбетов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов өскелең жас ұрпақтың санасына Абайдың  ізгілік тәмсілін сіңіру арқылы ұлт келешегі кемелдене түсетіндігіне тоқталды.

-  Ұлы ойшылды ұлықтаудың негізгі мақсаты — жас буынның санасына ғұламаның ізгілік тәмсілін барынша сіңіру. Абай жаққан білім-ғылымның шамшырағын мемлекетшілдіктің адастырмас темірқазығына айналдыру.  Ұлы Абайдың есімі әлемдік деңгейге жаңа леппен шығарына сенемін. Абайды тану- Алашты тану, Қазақ халқының терең дүниетанымы мен тағылымды болмысын тану деген сөз. Өйткені, оның туындыларында ұлттың болмыс-бітімі, тұрмыс-тіршілігі және пайым-парасаты, ділі мен тілі, діні мен рухы айрықша көрініс тапқан.  Тәуелсіздіктің арқасында Абай әлемінің терезесі Алты алашқа ғана емес, тұтас адамзатқа айқара ашылды.  Жылдар өте тау тұлғамыздың есімі жаһан жауһарларының ортасынан ойып тұрып орын алып, әлемнің асыл қазынасына айналары сөзсіз», деген Атырау облысының әкімі  хәкімнің "Толық адам" ілімін терең түсіну арқылы елдің ертеңі мен ұлттың келешегі кемелдене түсетінін де атап өтті.

«Мәңгілік Абай» онлайн телемарафонына Атырау облысының қала, аудан және ауылдарынан руханият, өнер және мәдениет өкілдері қатысты. Кемеңгердің өлеңдері мен қарасөздері оқылып, Абай әндері шырқалды. Сондай-ақ, Абайдың өмір жолы, шығармашылығынан сыр шертетін еңбектер де көпшілік назарына ұсынылды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT