Атырау облысы әкімдігі жанындағы ономастика комиссия шешімімен өңірде 29 көшеге соғыс ардагерлерінің есімі беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атырау облысы әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясы 14 сәуірде өткен комиссия отырысында Жылыой, Исатай аудандары мен қала маңындағы Еркінқала, Қайыршақты округінің көшелеріне атау беру туралы тұрғындардың ұсынысын қарады.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту, архив ісі басқармасының ономастика бөлімінің басшысы Жеміс ДИЯШЕВАНЫҢ айтуынша, комиссияға 170-ке жуық ұсыныс түскен. Олардың арасында Алаш қайраткерлері, батырлардың есімін беру ұсыныстары да бар.
Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің есімін көшелерге беру туралы ұсыныс қаралған кезде, тек соғысқа қатысқандары үшін емес, олардың көрсеткен ерліктері, «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталғаны ескерілді. Мереке қарсаңында комиссия зерделей келе, 29 ардагердің есімін мақұлдап, шешім шығарды, - деді Жеміс Дияшева.