Атырау мұнай өңдеу зауыты «Мектепке жол» акциясына қатысты

Жыл сайынғы дәстүр бойынша «АМӨЗ» ЖШС «Мектепке жол» акциясы аясында балаларды жаңа оқу жылына дайындауға қаржылай көмек көрсетті.

Зауыттың персоналды басқару бөлімінің қызметкерлері қаладағы көпбалалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан балалармен кездесті. Іс-шара барысында бірінші сыныпқа баратын 12 бүлдіршінге кеңсе тауарлары мен мектеп құралдары салынған ортопедиялық арқалығы бар сөмке табысталды.

«Балалардың оқуына қажетті заттарды ғана емес, олар үшін түрлі тәттілерді де дайындадық. Кездесу жылы атмосферада өтті», – деді персоналды басқару бөлімінің әлеуметтік сұрақтар жөніндегі маманы Айгүл Димукашева.

Ал зауыттың кәсіподақ ұйымы атынан әлеуметтік аз қамтылған 20 балаға, сондай-ақ «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС Батыс филиалындағы көпбалалы отбасылардан шыққан 19 балаға мектеп киімдерін сатып алу үшін сыйлық сертификаттары табыс етілді.

«Сіздерге табысты оқу жылын тілеймін. Жақсы білім алып, ата-аналарыңыздың үміттерін ақтаңыздар», – деді зауыттық кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Бақыт Өтебалы.

Бұдан бөлек 35 бүлдіршін зауыттың Amanat бастауыш партия ұйымы атынан мектеп құралдарын сатып алуға сыйлық сертификаттарын алды.

Ата-аналар мен балалар мұнай өңдеушілерге алғыстарын айтып, қызметте табыс тіледі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT