АТЫРАУ МАҢЫНАН ӨТЕ ЕЖЕЛГІ МОНША ТАБЫЛДЫ

Атыраулық археологтар ноғай-қазақ кезеңіне тиесілі моншаның орнын тапты.

Алтын Орданың астанасы болған Сарайшық қалашығындағы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жыл сайын тың жаңалықтар ашылып отыр. Қазақ Хандығы мен Ноғай билеушілерінің де қонысы болған мекеннің бізге беймәлім сыры көп. Келер жылы Ұлттық құрылтайдың да Сарайшықта өтуі кездейсоқ емес.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Біз қазір Алтын Орда дәуіріне тиесілі қоғамдық ғимараттың орнындамыз. Бір таңқаларлығы, сол кезде әктелген қабырғалар бүгінге дейін қанша ғасыр өтсе де сол қалпында сақталған. Бұл жерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген мамандар осы жердегі мынадай тандыр-пештердің де Алтын Орда дәуіріне тиесілі екенін айтып отыр.

Археологтар бұл маңды екі жыл бұрын қазып бастаған. Олардың пайымынша, бұл қонақүйдің жері. Қазір археологтар 14 бөлменің орнын анықтаған. Табылған қыш бұйымдар мен тиындардың Алтын Орда дәуіріне тән екені белгілі болды. Қазба жұмыстары кезінде «Сарайшық» музей-қорығының мамандары тағы тың жаңалыққа кезікті. Осы жерден Ноғай-Қазақ кезеңіне тиесілі моншаның орнын тапқан.

Амангелді Жұмабаев, "Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғалым-хатшысы:

- Монша тастары ноғай-қазақ кезеңіне тән. Шаруашылық шұңқырларды тазалау барысында көптеген қыш бұйымдар, соның ішінде қысқа көлемді жасыл бояу берілген сыртына, қызыл қыштан жасалған авирол ыдысы табылды, арнайы дәрі-дәрмек мақсатында пайдаланылған. Сонымен қатар хорезмдік керамикалар өте көп табылды.

Биыл қазба жұмыстары 800 шаршы метр жерде жүргізіледі. Қазір Сарайшық қалашығының батысынан туристерге арналған қақпа салынып жатыр. Келер жылы Ұлттық құрылтайға келетін меймандар да осы жерде көне дәуірден сыр шертетін жәдігерлермен таныса алады.

Айбек Тұрарұлы, "Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бас инспекторы:

- Батыс қақпаның маңына қазба жұмыстары шоғырланды. Осы жерден болашақта туристерге көрінетін объектілерді ашу жоспарлап отырмыз. Құрылтайға келетін қонақтарды да, мәртебелі меймандарды осы жерден қарсы алып, осы жерге Сарайшықтың көне нысандарын ашуды жоспарлаудамыз.

Археологтарды да мазалайтын мәселе жоқ емес. Олар облыста реставрациялық ұйым құрылса, дейді. Өйткені Сарайшық қаласының орны әбден бүлінген. Кейін қаланың үстіне адамдар жерленген. Сол уақытта көне қаланың қабырғалары бұзылды. Ал бүгінге аман жеткендерін күтіп-баптау оңайға соқпай тұр.

Айбек Тұрарұлы, "Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бас инспекторы:

- Ғимараттардың көбі бұзылған. Тек аман қалғандары саз балшықпен сақталған. Осыларды сақтау қиын болып тұр. із жыл сайын сыртын майлап, жауып, сазбен майлап сақтап отырмыз.

Өңірде реставрациялық мекеме құрылса, Алтын ордадан басталған тарихтың болашаққа бүлінбей жететіні даусыз, дейді археологтар.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521