Асты мен үсті табиғи ресурстарға толы жерімізді қырық жыл бойы қасіретімен құрсап, дархан даланы дүр сілкінткен Семей ядролық сынақ алаңының ащы залалын көзі көрген халық үшін «бейбіт атом» сөзінің астары тереңде жатыр.
Соңғы жылдардағы әлемдік нарықтағы мұнай мен газ бағасының тұрақсыздығы мен энергия көздері табиғи қорының жылдан-жылға азайып бара жатқанын оқып, біліп жүрміз. Мұның салдары адамзатты басқа балама қуат көздерін іздеуге мәжбүр етіп отырғаны жасырын емес. Осы жолда жаһандық экономика, өзге баламалы қуат көздеріне қарағанда атом энергетикасы әлдеқайда басымдыққа ие. Оның үстіне атом саласын зерттеп жүрген ғалымдар мен беделді сарапшылар «бейбіт атомның» қауіпсіздігі, адамзаттың электр қуатына деген қажеттілігінің өсуін қамтамасыз ете отырып, парник газдарымен ауаны ластауды төмендетуде атом энергетикасы елеулі рөл атқаруы мүмкіндігін жиі айтып жүр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның «таза» атом электр энергиясына мұқтаж екенін айтқан еді. Осы орайда біз де жергілікті жоғары оқу орындары мамандарының пікірін білмек болып, хабарласқанбыз. Сонымен, бізге АЭС салу қажет пе? Атом энергиясын пайдаланудың тиімділігі неде? Әлі күнге бір шешімге келе алмай отырғанымыздың себебі неде? АЭС салудағы қай мемлекеттің тәжірибесіне сүйенген жөн?
Бекет КЕНЖЕҒҰЛОВ,
техника ғылымдарының докторы, профессор:
«Біреу емес, бірнешеуі болса…»
– Мұндай мәселе көтерілгенде, алдымен «АЭС Қазақстанға қажет пе?» деген сұраққа жауап іздейміз. Әрине, ауадай қажет. Әрі біреу емес, бірнешеуі болса. Елімізде электр энергиясын тұтынудан алдағы уақытта тапшылық болуы мүмкін екендігін энергетика саласының мамандары жиі айтып жүр. Бұл жерде токпен жүретін көліктер әлі есепке алынған жоқ.
АЭС туралы әңгіме болғанда, басқа өркендеген елдердің АЭС саласындағы жұмыс тәжірибесіне жүгінген дұрыс. Мәселен, Францияда алынатын электр қуатының 80%-ы АЭС-ке тиесілі, ал бұл көрсеткіш Швецияда 75%, Белгияда 65%. Дүниежүзіндегі қуаты жағынан ең мықты, ең үлкен АЭС Оңтүстік Кореяда деген ақпарат бар. Қазір бұл ел тұрақты, кепілдендірілген, арзан энергия көзінің арқасында дамып келеді. Аталған мемлекетте 26, АҚШ-та 142, Жапонияда 52 атом реакторы, жалпы 30-дан астам мемлекетте 400-ден астам АЭС жұмыс жасап тұр екен.
АЭС-тың пайдасы, біріншіден энергия тапшылығын жою, екіншіден Париж меморандумына сәйкес жасыл экономика, таза экология қағидасына Қазақстан елінің сәйкес келуі. Бұл жерде бір килограмм уранның шығаратын энергия қуаты 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайдың шығаратын энергия қуатымен тең екендігін және АЭС жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл қалдығының алдын алатындығын айта кеткен жөн. Үшіншіден, шикізат көзі болып табылатын уран Қазақстанда жылына 20 мың тонна өндіріледі. Әлемдегі уран өндірісі көлемінің 40%-ы және Қазақстан уран қоры мен өндіруден алғашқы орында. Ал, 2018 жылдан бастап уран сату көлемі бойынша бірінші орынға ие.
АЭС-тың зияны туралы айтқанда, Чернобыль, Фукусима және т.б. жағдайлар халықтың есіне түседі. Әрине, бұл ащы да болса тарихи шындық. Ал, қазір жаңа технологияның өркендеу кезеңінде 3, 3+, 4-ші буынды реакторлар қауіпсіздік кепілі бола алады. Өрт, басқа да төтенше жағдай туралы жүйе белгі беретін болса, ондайда реакторлар өздігінен оқшауланып, «құлыпталады» екен. Бұл мәліметті маман Алмас Әбілдаев бұқаралық ақпараттық құралдарында айтты.
Қазақстандағы АЭС ЖШС бас директоры Тимур Жантикин 3, 3+, 4-ші буынды реакторлар 60 жыл жұмыс жасайтындығын, тіпті 80-100 жылға дейін мүмкіндігі бар екендігін мәлімдеген еді. Ал, қиын жағдай болу ықтималдығы 10 миллион жыл болатындығын маман баса айтты.
Келесі бір зияны «атом энергетикасында су көп тұтынылады» дейді. Әрине, Қазақстанда су тапшылығы туралы мәселе жоқ емес. Суға қатысты проблеманы өткір тұр деуге де болмайды. Себебі, нағыз су тапшылығы туындаса, онда Өзбекстандағыдай «құрғақ технологияны» пайдаланудың мүмкіндігі бар. Бұл технологияда салқындату процесі сумен емес, суық ауамен жүргізіледі, яғни, су тұтыну 0%. Мұндай мәселелерді де айтқан АЭС ЖШС бас директоры Тимур Жантикин. Мәселен, Беларусь мемлекетінде 2400 МBm АЭС жылына 63 млн. текше метр су пайдаланса, бұл Балқаш бассейніндегі бір жылда буланған судың 0,03%-ын құрайды.
Халықтың арасында тағы да бір айтылатын пікір: АЭС токты бірқалыпты шығарады. Оны азайтып немесе көбейтуге болмайды. Мұның жауабы ретінде Қазақстандағы АЭС компаниясының білікті маманы Әсет Кеңесбекұлы «АЭС-тың қуат өндіру мүмкіндігін басқаратын боламыз» деді.
Қазақстанда АЭС салу үшін қай мемлекеттен инвестор тартқанымыз дұрыс? Қай мемлекеттің технологиясы тиімді? Ақпарат құралдарына сүйенсек, АЭС саласында жұмыс тәжірибесі бар 13 мемлекеттің арасынан 4 мемлекет бізге АЭС салуға сарапшылардан өтіп тұр екен. Олар – Оңтүстік Корея, Франция, Ресей және Қытай.
Бұл жерде Оңтүстік Корея немесе Жапонияны алатын болсақ, оларда әскери-саяси бағдар жоқ. Мысалы, оларға АЭС пайдалануға берілгеннен кейін, 10 жылдан кейін «Қазақстанға ядролық отын тасымалдамаңдар» десе, олар оны жасайды. Осы жағынан алғанда, яғни әскери-саяси тәуелсіз елдерді қарастырған дұрыс. Мәселен, Франция, Ресей, Қытай – үшеуінің біреуін таңдаған дұрыс. Менің азаматтық позициям бойынша Франция мемлекеті дұрыс сияқты. Себебі, біріншіден, Франция «Европаның Атомды астанасы» деп аталатыны бәрімізге белгілі. Екіншіден, отын туралы. 70 жылдан астам тарихы бар Өскемен қаласындағы Үлбі зауытымен француздар өздерінің технологиясымен Қытай нарығына АЭС-ке қажетті отын, яғни, таблеткалар даярлауда.
Тарихқа жүгінсек, Үлбі зауыты 60 жылдан бері кеңес одағына қарасты АЭС-ке қажетті отынның 80%-ын дайындап отырған. Егер Франция технологиясымен АЭС салынса, оған қажетті отын, яғни таблеткалар өз елімізде өндіріледі және ол таблеткалар АЭС-ке сәйкес келеді. Қажетті отын көзін өзге мемлекеттерден іздемейміз. Өзге мемлекеттің технологиясымен салынса, бізде өндірілетін таблеткалар сәйкес келе ме, келмей ме, бұл үлкен сұрақ. Бізде өндірілетін таблеткалар сәйкес келмесе, онда отын көзін өзге мемлекеттен сатып алуға мәжбүр боламыз. Ал, бұл – қосымша шығын көзі. Пайдаланылған таблеткаларды утилизация жасау мәселесін де ойланған дұрыс. Егер Үлбі зауытында жасалған таблеткалар болса, пайдалану мерзімі өткен соң оны кері зауытқа тапсырып, сыртын қоршаған қабықты (оболочка) ғана зиянсыздандырып, ал таблетканың өзін қайтадан қуаттап (зарядтап), жаңа қабықпен қоршап, өндіріске кері жөнелтуге болады.
Елімізде АЭС салуға ең қолайлы жер деп Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үлкен ауылы таңдалып отыр. Қазақстанда АЭС салынатын орынды анықтау мәселесінде әлеуметтік желідегі белсенділер референдум өткізу қажеттігін талап еткен еді. Бұл ұсыныс та дұрыс болар. Бірақ, негізінен мамандардың уәжіне ерекше көңіл бөлген дұрыс. Бұл жерде таңдалған жерге, технологияға, қаржылық экономикалық модельге қатысты тек мамандар ғана дұрыс шешім шығара алады.
Басында Қазақстанда АЭС саны бірнешеу болса, кем дегенде төрт АЭС салынса дедік. Олар: Үлкен ауылында 2 реакторлы, Курчатовта 2 реакторлы, Түркістан облысындағы Шәуілдірден 1 реакторлы, Маңғыстаудан 1 реакторлы АЭС салынса. Бұрыннан бізде АЭС бар, Ақтау қаласында дүние жүзіндегі бірінші реактор іске қосылған. Әуелгіде Форт-Шевченко қаласындағы BN-350 реакторы, кейіннен оны Маңғыстау энергия комбинаты деп атады. Үлкен ауылы мен Курчатов қаласындағы АЭС-ті айтпаса да түсінікті. Ал, оңтүстік өңірде электр энергиясын тұтынушылардың ұлғаюына байланысты Шәуілдірде ең болмағанда бір реакторлы АЭС салынғаны жөн. Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, Маңғыстауға да бір реакторлы АЭС қажет. Әрине, бір АЭС-тің құны да аз қаражат емес, ол шамамен 11-12 миллиард долларға жуықтайды.
АЭС құрылысы жүргізілген кезде 12 мыңнан астам адам жұмыс жасаса, 7-8 жылдан кейін АЭС құрылысы бітіп, АЭС-тің өнімін тұтынатын кезде 2 мыңдай адам, оның 400-і маман инженер болады деп тұжырымдалуда. Қазақстанда АЭС-те жұмыс жасайтын кадрларды Ұлттық ядролық орталық, Ядролық-физика институты, Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және осы университетте ашылған Мәскеу физика-техникалық институтының филиалы, сонымен қатар Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дайындауда.
Дайындаған Рита ӨТЕУҒАЛИ
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА