Қазақстанның энергияға тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін жалғыз дұрыс шешім – атом электр станциясын салу мәселесін шешу керек. Қазір АЭС-ке тең келетін балама жоқ. Өйткені ол күні кеше ғана айтылған тақырып емес. 1997 жылдан бері қозғалып келеді.
«Экономиканы ілгерілету үшін Қазақстанға тұрақты энергия көзі қажет» - деген Президент те жуырда Үкіметке тапсырма берді. Енді нақты шешім шығаратын сәт те жақындаған секілді. Үкімет АЭС құрылысын жүргізу мәселесі бойынша референдум өткізуге қатысты қаулы қабылдады. Осы АЭС салу жөнінде еліміздегі сарапшылар да оңды пікірлерін айтып жатыр. Өйткені елдегі электр қуатының 66 пайызын көмір станциялары өндіреді екен. 22 пайызы газ болса, қалғаны гидростанция мен жаңартылған энергия көздерінен алынады. Ал әлем елдері қазір көмірден бас тартып жатыр. Себебі қоршаған ортаға зияны, климаттың өзгеруі, адам денсаулығына залалы секілді бірнеше факторлар бар. Қазақстан да дүниежүзінің 197 елімен бірге көмір бейтараптығына көшу жөнінде Париж келісіміне қол қойғаны белгілі.
Атом электр станциясын салу мәселесін энергия көздерінің альтернативасы деп қарауға болады.
АЭС - көмірсутек ресурстары мен энергияны сырттан тұтынуды азайтатын сенімді энергия көзі болып табылады. Энергия тұтынудың артуы және төмен көміртекті экономикаға көшу қажеттілігі кезінде атом энергетикасын дамыту — ең оңтайлы шешім. Егер атом электр станциясы салынса, құрылыс жұмыстарына, кейін ондағы тұрақты жұмысқа мыңдаған тұрғын тартылады. Былай қарағанда мұндай станциялар елдегі индустриализациялау мүмкіндігін арттырады және жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді деген сөз.
Сонымен қатар атомды экономиканың барлық саласында: өнеркәсіпте, медицинада, ауыл шаруашылығында, азық-түлік өңдеуде, басқа да мақсатта пайдалануға болады. Расында да атом станциясы салынса, экологиялық таза ел тұрғындарын 100 жыл бойы үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ететін негізгі электр энергиясы өндірілетінін нақты сеніммен айта аламын.
Марат Мендияров,
“Атырау -Жарық” АҚ Жылыой ауданы бойынша электр жүйесінің басшысы