Атаулы әлеуметтік көмек

нақты мұқтаж отбасыға ғана беріледі

Өткен аптада ауданымызға облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла келді. Ол «Nur Otan» партиясы аудандық филиалында тұрғындарды қабылдады. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Жантөре Рашев, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Нұржарық Сауытов, Жұмыспен қамту орталығының басшысы Қайрат Омаровтар қатысты.

Қабылдауға келгендердің дені көпбалалы аналар екен. Олар - осы уақытқа дейін атаулы әлеуметтік көмек, яғни отбасындағы әр адамға 20789 теңге жәрдемақы алғандар. Жәрдемақы алып, қаннен-қаперсіз жүрген оларға табысы атаулы әлеуметтік көмектің талабына сай еместігі туралы ескерту қағаз келген. Кездесу кезінде көпбалалы аналар жәрдемақыны алуға өтініш берген кезде отбасындағы табыс көлемі аз болғанын, дегенмен уақыт өте келе табыстарының көбейгенін айтты. Серік Қамидоллаұлы елімізде атаулы әлеуметтік көмек нақты мұқтаж адамдарға ғана берілетінін айтып, түсіндірді. Сондықтан табысын жасырып, жалған құжаттар тапсырған отбасылардан атаулы әлеуметтік көмек кері қайтарылатынын жеткізді.

-1 қазандағы мәлімет бойынша, облыста 6 729 отбасыға (38 183 адам) адамға 2 млрд 751 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Облыс бойынша кейбір тұрғындар жеке кәсіпорындарда жұмыс істесе де, оны жасырып, жұмыссыз ретінде Жұмыспен қамту орталықтарына тіркеліп, жалған анықтамаларын тапсырған. Шілде айында ақпараттық жүйе бірыңғайланғаннан кейін оның барлығы анықталып, облыстағы 1700 отбасының тізімін кері қайтарды. Оның ішінде 183-і - Жылыой ауданында тұратын отбасылар. Қыркүйек айында атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібіне мекенжай анықтамасына қатысты тағы бір өзгеріс енді. Яғни құжаттар тапсырар кезде тіркеуде тұрған жерінде кемінде 6 ай тұруы керек. Өйткені осы атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін өзінің ата-анасынан бөлек кетіп немесе зейнеткер ата-анасын басқа жерге тіркеуге қойып, ертесіне жалған құжат тапсырып жатқандар көбейіп кетті. Сонымен қатар осы әлеуметтік көмекті алу үшін ажырасып жатқан көпбалалы отбасылар да бар. Сондықтан бұл құйтырқы әрекеттердің барлығы анықталып, мемлекет қаражаты кері қайтарылуы тиіс,- деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар ол атаулы әлеуметтік көмекті берудің қолданыстағы жүйесін өзгертетін жаңа заң жобасы туралы кеңінен түсіндіріп өтті.

Қ.Нұртайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT