«Аtameken Services» кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетеді

Өткен жылы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасына орай «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін зерттеу мақсатында скрининг өткізді

Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға аудан әкімі Азамат Бекет қолдау көрсетті. Осылайша Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары жергілікті бизнестің мәселелерін қарап, оларды нақты шешу жодарын анықтады.

- Скрининг нәтижесінде зерттеу тобы өңірде бизнес-жобаларды құру үшін қосымша мүмкіндіктерді тауып, өзекті мәселелерді анықтады. Ендігі мақсат – кәсіпкерлерді «Аtameken Services» порталына тіркеп, онымен қалай жұмыс жасау керектігін таныстыру. Бұл мобилдік қосымша барлық кәсіпкерге қажет. Сайт және мобильдік қосымша арқылы 60-тан астам тегін қызметті алуға болады. Батырманы бір басып, несие алу мақсатында бірнеше банкке өтінім жіберуге, «Бастау» және «Бастау-мектеп» курстарына жазылуға, салықтық және статистикалық есептеулерді әзірлеуге, өткізуге, сонымен қатар құқықтық мәселелермен жүгінуге болады. Енді кәсіпкерлерге кабинеттерді жағалап, табалдырық тоздырудың қажеті жоқ. Әлемнің кез келген нүктесінде отырып, қызметке тапсырыс беруге болады. Порталдағы пайдалы қызмет түрлерінің біріне тоқталсақ.

Мысалы «Несие агрегаторы» бөлігіне кіріп өтінім беріп, елдегі барлық банктер мен қаржы ұйымдарының 5 күн ішінде нақты жауап алуға болады. Бұл кәсіпкерлер үшін қолайлы. Бастысы уақыт, қаражат, күш-жігер үнемделеді. Жылыойлық кәсіпкерлерді «Аtameken Services» порталына мамыр айына дейін тіркелуге шақырамыз. Бұл кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету үшін қажет. Аудан тұрғындары туындаған сұрақтары бойынша ауданымыздағы «Кәсіпкерлер үйіне» хабарласуына болады,-дейді ауданымыздағы ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Ерболат Төлендиев.

Қ.Дүйсенбетов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT