Аталарды ардақтаған депутат

Осыдан 10 жыл бұрын ауданымыздағы соғыс ардагерлері мерекелік шараларда тізіліп отыратын.

 

Кеудесіне орден-медальдарын таққан майдангерлердің мәңгілік алау басына гүл қоюының өзі ерекше көрініс еді. Биыл сол ардагерлердің орны ойсырап тұр. Көбі өмірден озды. Тек екі-ақ майдангер қалды арамызда. Жеңісті жақындатқан қос жауынгер Қапес Ибраев пен Жәңгірхан Бисенғожиевке облыстық Мәслихат депутаты Айтпай Сисенов құрмет көрсетті. Алдымен, қаламыздағы "Ира" мейрамханасына ақ дастархан жайып, оған Қапес Ибраев үлкен ұлымен келді. Майдангер ата соғыс кезіндегі жылдардан естеліктер айтып, елге келгеннен кейінгі өмір жолына саяхат жасады. Небәрі 17 жасында соғысты көрген Қапес атаның көзінен мұң, кеудесінде майданда опат болған қарулас достарына деген қасіреттің ұшқыны сезіледі. Бірақ ол бүгінгі бейбіт күнге шүкіршілік айтудан шаршамайды.

Аудандық Мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғанов, "Нұр Отан" партиясы Жылыой аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сайлаубай Таласовтар Қапес атаға ақ тілектерін арнады. Ал депутат Айтпай Сисенов Ұлы Отан соғысы ардагеріне 100 мың теңге ақшалай сыйлық пен гүл шоқтарын ұсынды. Майдангер де өзін үлкен құрметке бөлеп жатқан азаматтарға алғысын айтып, ақ батасын берді. Бұдан соң Мұхтар Кенғанов пен Айтпай Сисенов Жәңгірхан Бисенғожиевтің ауылына қарай бет алды. Бүгінде Боранқұл селосындағы баласының қолында тұратын майдангердің денсаулығы ұзақ жолды көтере бермейді екен. Бірақ Жәңгірхан ата халық қалаулысын ыстық ықыласпен күтіп алды. Ардагердің кеудесіндегі орден-медальдары оның ерен еңбегін сөзсіз жеткізіп тұрғандай. 1944 жылы Ресейдің Чкалов қаласында үш айлық әскери дайындықтан өтіп, майданға аттанған 17 жастағы жігіт Германиядағы ұрыс қимылдарына қатысқан. Ол Ұлы Жеңісті Эльба өзені жағасында одақтастар армиясымен бірге қарсы алған екен. Отанға оралғаннан кейін еліміздің өркендеуіне ұзақ жыл еңбек еткен. Бүгін ол - өзінен тараған ұрпақтарының ортасында бақытты ата. Ардагерге сый-сияпатын табыс еткен Айтпай Фандыбайұлы осындай бейбіт өмір сүруіміз қос жауынгердің арқасы екенін айтты.

П.ҚИЗАТОВА,

Суреттер автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT