Жаңа Конституция жобасын оқи отырып, бір ойға қайта-қайта оралдым: бұл – адамға қарай бет бұрған мемлекет тұжырымдамасы.
Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтарының негізгі басымдық ретінде жариялануы – соның айқын дәлелі. Білім, ғылым, мәдениет пен инновацияны Конституцияның басты идеясы ретінде белгілеу – болашақты дұрыс түсінудің көрінісі. Қазақстан енді өзінің дамуын жер қойнауындағы байлықпен емес, адами капиталмен байланыстыратынын ашық айтты. Бұл – тарихи таңдау.
Цифрлық ортадағы құқықтарды қорғау нормасының енгізілуі де уақыт талабына сай. Жасанды интеллект дәуірінде адамның жеке деректері мен цифрлық қауіпсіздігі Конституция деңгейінде қорғалуы – өркениетті мемлекеттің белгісі. Сонымен бірге зайырлы мемлекеттің қағидаттарының нақты бекітілуі, неке туралы норманың анық жазылуы, адвокатура мен зияткерлік меншікке ерекше көңіл бөлінуі қоғам үшін маңызды тұрақтылық пен құқықтық айқындықты қамтамасыз етеді. Маған әсіресе Конституцияның жаңа мәтінінде тарихи сабақтастықтың сақталғаны ұнады. Жаңа Ата Заң бұрынғы Конституцияны жоққа шығармайды, керісінше, оны дамудың жаңа кезеңіне бейімдейді. Ал соңғы сөз, әрине, халықтікі. Жалпыұлттық референдум – осы үлкен өзгерістерге берілетін ең әділ баға болмақ. Бұл Конституция біз үшін жазылды, демек, оның тағдыры да өз қолымызда.
Асқар Сүгіров, Құлсары қаласы тұрғыны



