«Кең Жылыой» мәдениет үйінде Конституция күніне арналған «Ата заңым – алтын қазығым!» атты салтанатты шара өтті.
Оған қатысқан аудан әкімі Азамат Бекет:
– Конституция – еліміздің дамуы мен гүлденуінің мықты негізі. Ата Заң – қастерлі құжат. Онда бекітілген нормалар еліміздің барлық азаматтарының сан салада еркін қызмет етуіне жағдай жасады. Конституциялық заңдылықты бұлжытпай сақтай білу – Қазақстанның дамуына тұрақты жағдай жасап, мемлекеттің өзекті қызметтеріне жол ашты, – деп, аудан халқын мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, ол Миллат Бижанова, Фарида Сланова, Раушан Смағұловаларды «Алтын алқамен», ал Г.Алланазарова, Г.Түзелбай, М.Құлдыбаева, К.Мәмбеталиева, Г.Мұхаева, І.Тахарова, А.Төлегенова, Ж.Жорабаева, А.Өтеулиеваларды «Күміс алқамен» марапаттады.
Қаладағы №19 мектеп директоры, мәслихат депутаты Салтанат Жұмағалиева: «Қазақ елінің Ата Заңы көп жылдан бері мемлекет пен халыққа қызмет етіп келеді. Ежелгі грек ойшылы Сократ: «Егер азаматтар заңдарды қатаң сақтайтын болса, олар өмір сүретін мемлекет күшті де жасампаз болады» деген. Сол ұғым бүгінде өз күшінде деп ойлаймын», – дей келе, барлық жылыойлықтарды айтулы мерекемен құттықтады.
Жиында Жылыой аудандық ұлт аспаптар оркестрі «Әсет әндерінен попурри» орындаса, әнші Дәмелі Сарова «Қазақтай ел қайда?!», Ж.Нұрханова мен Н.Дүсіпова «Айналдым, елім» әндерін орындап, тыңдармандардың туған жерге деген асқақ сезімдерін тулатты. Онымен қатар, Н.Жұмағалиева халық әні «Әдемі қызды» нақышына келтірсе, Рита Самендирова «Менің елім», Асқар Қоңыров «Атамекен» әнімен салтанатты шараны аяқтады.
Ж.Шаңқанова.