Ата Заң – Тәуелсіздік төлқұжаты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 30 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзінде: «Қазақ – Ұлы дала заңына бас иген, ар-ұяттан аттамаған халық. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы – нағыз дала заңының жарқын үлгілері.

Осы дәстүр ешқашан үзілген емес. Жұртымыз дала заңынан қазіргі Ата заңына дейін тарихи жолдан өтті. Өткен ғасырдың басында қазақ зиялылары бұл іске елеулі үлес қосты. Кеңес заманында еліміздің құқықтық іргетасы қаланды, білікті заңгерлер шоғыры пайда болды. 1993 жылы егемен Қазақстанның алғашқы Ата Заңы бекітілді, мемлекетіміздің конституциялық құрылымы айқындалды. Бірақ көп ұзамай жаңа тарихи ахуалға сай келетін жаңа Конституция қабылдау қажет болды. Осылайша, 1995 жылы 30 тамызда Тәуелсіздік төлқұжаты, яғни, Конституция қабылданды»,-деген еді.

Расында да Ата Заңымыздың 30 жылдығына арналған салтанатты шаралар еліміздің өзге өңірлері секілді аудан аумағында да айрықша жағдайда аталып өтті. Құлсары қаласындағы «Кең Жылыой» мәдениет үйінде кең көлемде ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Жұмабек Қаражанов, аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев, қала әкімі Қадыржан Адинов, аудандық әкімдіктің дербес бөлім басшылары мен ұстаздар қауымы, заңгерлер мен төтенше жағдай қызметкерлері, ардагерлер, қала тұрғындары қатысты.

«Ата Заң – Тәуелсіздіктің тірегі» деп аталған мерекелік кештің шымылдығы аудандық халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен жергілікті өнерпаз Айбек Қабыланбектің жанды дауыста шырқаған ҚР Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Лэд-экран арқылы көк туымыз желбіреп, жиналғандардың бойына елге деген, жерге деген мақтаныш сезімін ұялатты. Одан әрі жүргізушілер Конституцияның 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданғанын, 5 қыркүйекте күшіне енгенін, оның мемлекетіміздің құқықтық, саяси, экономикалық негізін қалап, азаматтық мәртебені бекіткенін ерекше атап өтті.

Салтанатты шара басында Жылыой халықтық ұлт-аспаптар оркестрі Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны», Айтқали Жайымовтың «Тойбастар» сынды шығармаларын орындап, тыңдарман көңілін көтерді. Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов аудан жұртшылығын Конституцияның 30 жылдығы мерекесімен шын жүректен құттықтап, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық тіледі Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 25 шілдедегі №949 Жарлығы негізінде өңіріміздегі бір топ көп балалы аналарды «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградаларымен марапаттады.

-Бала әрине, алдымен ата-ананың жауапкершілігінде ғой. Десек те, мемлекетіміз кәмелет жасқа толмаған балаларға ерекше қолдау көрсетіп келеді. Өздерінің әрқашан демеу болып, көп балалы аналарға жәрдем бере алатындығын дәлелдеді. Бүгін, міне, мерейлі мереке қарсаңында «Алтын алқаға» ие болдым. Бұл мен үшін жетістік емес, бұл мен үшін мемлекеттен алған қолдау. Барша марапат алған аналарды құттықтаймын. Өскелең ұрпағымыз аман, денсаулығы мықты болсын!-деді көп балалы аналардың бірі Назгүл Қамысбаева. Одан әрі іс-шара мерекелік концертке ұласып, жергілікті өнерпаздардың орындауында ән шарықтады. Атап айтсақ, Жайна Нұрханова «Ел аман болсын» әнін шырқап, кең залды әуезді әуенге толтырды.

Одан кейін домбырашы Қайрат Жұмағалиев пен жетігеншілер Инабат Сайлау және Көркем Еркінқызының орындауында Есмұрат Үсеновтің «Кербез сұлу» шығармасы жиналғандардың көңілінен шықты. «Жем аруы» халықтық би ансамблі «Қара жорға» мен «Дала өрнектері» билерін мың бұралтып, көрермендерді ұлттық өнердің әсем нақышына бөледі. Асқар Қоңыров пен Рита Самендировалар «Туған ел» деп ән салса, жас әнші Оралхан Қарашаев «Қазақстан» деп әуелетті.

Осылайша Жылыой жұрты ел тарихындағы маңызды күн Конституцияның 30 жылдығын зор қуанышпен атап өтті. Бұл күні елдіктің еңсесін тіктеген, халықтың құқықтары мен бостандықтарын айқындаған Ата Заңымыз – Тәуелсіздіктің темірқазығы екендігін тағы бір айқындады.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT