Ата Заң елдігіміздің айнасы

Ата заң

1995 жылдың 30 тамызында өткен Бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Слдан бермен қарайғы ширек ғасыр уақыт ішінде Ата Заңымызға 2007, 2010, 2015 жылдары өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Егемен еліміздің бұл басты құжатында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық,зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жариялады. Оның ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені жазылған.

Ата заңымыз қабылданған референдумда еліміз өзінің мемлекеттік тілі - қазақ тілін екенін жаряилады. Ал орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі ретінде танылды.

Конституцияның тоғыз бөлімнен, 98 баптан тұратыны белгілі. Аталған бөлімдер мен баптарға сәйкес мемлекеттің үш билік тармағынан тұратындығы, олардың заң шығарушы, атқарушы және сот билігі екендігі айқындалған. Ата заңымыз әр биліктің құзіретін, атқаратын қызметінің шегін анықтап берді.

Соның ішінде сот билігіне қатысты арнайы баптар қарастырылған. Онда судья – сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынатыны анық жазылған. Елімізде сот төрелігін соттар ғана жүзеге асырады. Ата-бабамыздан келе жатырған салт-дәстүрімізге, өмір сүру ерекшелігімізге сәйкес қазақтың даласында билер соты үстемдік еткені тарихтан белгілі. Сол үрдіс жалғасын тауып, соның нәтижесінде елімізде жаңа мыңжылдықта алқабилер институты қалыптасуына алып келді.

Ата заңымызға 2007 жылғы енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес Қазақстан Халықтары Ассамблеясының құрамынан еліміздің Парламент Мәжілісіне тоғыз депутат сайланатын болды.

Ассамблея мәртебесін Ата заңның шеңберіне шығару арқылы ұлттық мәдени орталықтардың рөлін күшейтуге қол жеткізіліп, қоғамның әлеуметтік, саяси өміріндегі ықпалын айқындап берді. Конституциямызға сәйкес этносаралық қатынастардың саясиландырылуына жол берілмейді. Елдегі айрандай ұйыған ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулыққа сызат түсіретін кез келген әрекет Конституциямызға қайшы келеді.

Конституцияда орын алған өзгерістер мен толықтырулар тек мұнымен ғана шектелмейді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қабылдаған шешіміне Парламент Мәжілісінің депутаттары қарсы келген жағдайдағы дауыс беру жүйесі де өзгертілді. Бұрын халық қалаулыларының үштен екі бөлігінің дауыс беруі арқылы мақұлданатын шешімдер соңғы енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың нәтижесінде депутаттардың басым көпшілігінің дауыс беруімен шешіліп, қабылданатын болды.

Қазақстан Республикасы - құқықтық мемлекет. Сондықтан заңның үстемдігі ең басты орында тұрады. Осы тұрғыдан алғанда Конституцияға сәйкес заң шығарушы орган Парламенттегі орын алған өзгерістерге тоқтала кеткен жөн. Қазіргі таңда Парламент Мәжілісі депутаттарының саны ұлғайтылып, 107 депутаттың 9-ы Қазақстан халықтары Ассамблеясынан ұсыналатын болса, 98-і партиялық тізіммен сайланады.Ал Парламент Сенатының депутаттары әр облыстан 2 адамнан сайланса, қалғанал 15 депутатты Президент тағайындайды.

Ата Заң – мемлекет тірегі. Оның мықты болмағы заң үстемдігі мен оның орындалысы тікелей байланысты. Міне, осы мақсатта Қазақстан Республикасы атынан үкім мен шешім шығаратын судьялардың мәртебесін көтеру мақсатында еліміздегі бірқатар заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес сот жүйесінде де айтулы өзгерістер орын алды. Атап айтқанда, бұрын қылмыскерді қамауға алуға рұқсат беруді (санкция) прокурор жүзеге асыратын болса, ол міндет енді соттардың құзырына берілді. Бұрын уақытша қамауға алу мерзімі 72 сағат болса, енді 48 сағатқа азайтылды. Бұл оңды өзгерістер Ата Заңымызға арқа сүйеген тәуелсіздіктің жемісі деп білген жөн. Бүгінгі таңдағы Қазақстанда сот билігінің абыройы мен беделі, судьялар мәртебесі шын мәнінде арта түсті.

Бостандық туын желбіреткен қазақ халқы үшін ең басты қуаныш пен бақыт - ата-бабамыздың ғасырлар бойына армандаған егемендігі еді. Оның ең мықты тірегі, елдігіміздің айнасына айналған алғашқы Ата Заңымыздың қабылдануы «Мәңгілік ел» идеясының бастауы болды. Ендеше ұлтымыз үшін баға жетпес құнды құжат Конституциямыздың тұғыры биік, айбыны асқақ, тәуелсіздігіміз баянды болып, еліміз мәңгі жасай берсін!

Болатбек Жұмабаев, аудандық соттың төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521