Атырау облысына танымал меценат болған, «Бақай» корпорациясын құрған Қапан қажы Балжігітұлының туғанына - 90 жыл.
Сондай-ақ, өңірге ісмерлігімен танылған Ырысты қажы Үсеумағамбетқызының туғанына - 80 жыл. Қажы әулетінің ұрпақтары ұлттық дәстүрді жаңғыртып, ұлан-асыр ас өткізді. Үш жүздің игі жақсылары жиылған ас аламан бәйгеге ұласты. Ас Құлсары қаласындағы орталық мешітінде басталды. Рәсімге Қазақстанның түкпір-түкпірінен танымал тұлғалар келді. Ел ағалары, замандастары Қапан қажының игілікті істері мен атымтай жомарт мінезін еске алды. Ырысты қажының ақжарқын көңілі мен он саусағынан өнер тамған шеберлігін әңгімеледі.
-Ас – бабаларымыздан келе жатқан жол. Әлихан Бөкейханов асты «Қазақ халқының қасиетті, ардақты дәстүрі» деп баға берген. Мұндай ас беру рәсімдері арқылы біз жас ұрпақты имандылыққа, бірлікке тәрбиелеудеміз. Қапан қажы қолынан келгенше жарлы-жақыбайлардың жағдайын жасаған. Қайырымдылығымен елге танылған. Балалары бүгін үлкен ас беріп жатыр. Жоғары дәрежеде өтуде. Бұл асқа Астана, Алматы, Ресейден, жан-жақтан адамдар келді,- дейді Ислам қажы Мырзабекұлы, Ақмешіт имамы.
Қажы балалары қазақы салт-дәстүрмен Үш Жүзден жиылған көпшілікке сый жасады. Ата-ана рухына Құран бағышталды. Қамыскөл көлі маңына қаз-қатар ондаған ақшаңқан үйлер тігілді. Игі шараға жиналған жұрт ақындар Балғымбек Имашев, Саадат Нұрманов, Сырымбек Сәрсенбаев, Жәкен Омаровтың айтысын тамашалады. Терме тыңдап, жырмен сусындады.
-«Аңыз адам» деген Қазақстанда көптен бері журнал шығады. Осы журналдың кейіпкеріне айналуға тиісті адамдар тек Астана мен Алматыда ғана емес, ауылдарда да бар. Сондай асыл азаматтың бірі елдің экономикасы мен әлеуетінің өсуіне, өркендеуіне үлкен үлес қосқан Қапан қажы Балжігітұлы болатын. Ырысты қажы Үсеумағамбетқызы он бес ұл-қыз тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты ана болатын. Оның балалары Жылыой ауданында барлық салада қызмет атқарып, кәсіптерін дамытып, елдің дамуына зор үлес қосып жатыр. Бүгінгі астың маңызы осындай асыл азаматты еске алу арқылы өткеніміздің алтын шынжырын бүгінмен жалғап, ұрпаққа үлгі ету, –дейді ақын Бүркіт Базарбаев.
Ақсақалдар ата-баба рухына арналған астың құндылығын, қазақы дәстүрдің дәріптелуіне ризашылықтарын жеткізді. Қапан қажының ел игілігі үшін атқарған елеулі еңбектерін атап өтті. Бұл әулет қиын-қыстау кезде жоқ-жітікке қамқор болған.
Қапан қажы 1928 жылы Шоқпартоғай ауылының Құдықсай деген жерінде дүниеге келген. Балалық шағы соғыс жылдарымен тап келіп, еңбекке ерте араласқан. Мал шаруашылығынан еңбек жолын бастап, басшылық қызметтер атқарған. Аудан өңірінің дамуына, экономикасының өсуіне, мал шаруашылығының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан.
Ал Ырысты қажы 1938 жылы Жылыой ауданында туылған. Он бес перзентті дүниеге әкелген. Батыр ана елге ісмерлігімен де танылған. Асқа тігілген 8 қанатты бес киіз үй - Ырысты қажының үлкен бес ұлына арнауы. Киіз басып, түндік, туырлық, шаңырақ, бау, басқұрларды өз қолымен дайындаған. Қолөнер шебері болған қажы ананың туындылары республикалық көрмелерде талай мәрте жүлделер алған.
Бәйгеге қос көлік тігілді Астың соңы бәйгемен ұласты. Ат спортының жүлдесіне қос көлік тігілді. Алдымен, топ бәйге өтіп, жиырма бір сәйгүлік жарысқа түсті. Алты айналымдық бұл сайыста құлсарылық атбегінің сәйгүлігі оза шауып, мәреге бірінші жетті. Екінші қызылқоғалық, үшінші боп орынборлық «Абрек» атты сәйгүлік келді. Аламанда он екі ат жарысып, он екі айналым жасады. Мәреге жылыойлық арғымақ алғашқы боп жетті. Екінші боп маңғыстаулық торы келсе, үшінші орынды қызылқоғалық тұлпар тақымдады. Ұйымдастырушы Қапан қажы ұрпақтары топ бәйгеге тіккен «Лада гранта» автокөлігі мен аламанға тіккен «Лифан» автокөлігінің кілттерін салтанатты түрде жеңімпаздарға табыс етті. Сонымен қатар, екінші орынға мотоцикл, үшінші орындарға түрлі бағалы сыйлықтар тарту етілді.
- Осыдан 10 жыл бұрын осы жерде сіздермен жүздесіп, үлкен қуанышпен әкеміздің 80 жасын, анамыздың 70 жасқа толу мерейтойын тойлағанбыз. 10 жыл ішінде көп өзгерістер болды. 15 бала тәрбиелеген ортаның аптал азаматы Қапан қажы мен Ырысты қажы о дүниелік болды. Олардың өшпес ізін жалғастыратын ұрпағы қалды. Ұрпақтарына берген тәлім-тәрбиесі, шегелеп айтып кеткен қағидалары мен өздері құрып кеткен, елге, халыққа қызмет ететін мекемелері қалды. Қолдау көрсетіп, асты өткізуге атсалысқан ағайынға ризашылығымызды білдіреміз.Бүгінгі ата-анамызға оқылған Құран, берілген ас қабыл болсын,– дейді Мейіржан Қапанұлы.
Қапан қажы құрған «Бақай» корпорациясына биыл - жиырма жыл. Бүгінде бұл корпорацияны қажы ұрпақтары басқарады. Корпорацияға қарасты түрлі саланы қамтитын бірнеше серіктестіктер аудан экономикасының өркендеуіне үлес қосуда. Әке жолын ұстанған Балжігітовтер әулеті өңірге қайырымды, игі істерімен де танымал.
Ж.МОЛДАШОВА.