“Асыл мұра” - ұлттық рухтың қайта жаңғыруы

.

Қазақ халқының ұлттық болмысы мен бай мұрасын жаңғырту – бүгінгі буынның басты міндетінің бірі. Ата-бабадан жалғасқан салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіруді мақсат еткен “Асыл мұра” жобасы бүгінде Атырау облысында басталып, Жылыой ауданының Құлсары қаласында сәтті жалғасып жатыр. Жобаны «Қазақия» қоғамдық қоры жүзеге асыруда, ал оған қаржылай қолдау білдіруші - “Теңізшевройл” (ТШО) компаниясы.

Ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған бұл бастама жергілікті тұрғындар арасында ерекше қызығушылық тудырып отыр. Біз осы жайында жобаның жетекшісі Жанар Төрениязқызынан сұрап білдік.

– «Қазақия» қоғамдық қоры 2023 жылы құрылды. Басты мақсатымыз – ата-бабамыздан қалған ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді жаңғырту. Егер салтымызды сақтасақ, дәстүрімізді дәріптесек, онда жастарды елжандылыққа, патриоттыққа тәрбиелей аламыз», – дейді жоба жетекшісі.

2025 жылдың сәуір айында басталған “Асыл мұра” жобасы үш негізгі бағыттан тұрады:

1. «Ұлы дала өнері»
2. «Дала мәдениеті»
3. «Ұрпаққа аманат»

Мамыр айының 20-сынан басталған «Ұлы дала өнері» бағыты аясында қатысушылар ұлттық қолөнердің сан түрлі түрлерін үйреніп жатыр.

Атап айтқанда:

1.Киіз үй сүйектерін (уық, кереге, шаңырақ, сықырлауық) жасау
2.Киіз басу (дөңгелек формада)
3.Сырмақ сыру
4.Ағаш бұйымдарын жасау (сандық, қайқыбас төсек, дөңгелек үстел, ыдыстар)
5.Құрақ құрау, көрпе-көпшік тігу
6.Алаша тоқу (Атырау мен Құлсарыда)
7. Ілмекпен кесте тігіп, тұскиіз жасау

Сабақтарда шеберлер осы дәстүрлі өнердің қыр-сырын үйретіп, қатысушыларға тәжірибелік білім беріп келеді.

– «Шынымды айтсам, мұншалықты көп адам жиналады, қызығушылық танытады деп ойламаппыз. Құлсары қаласының тұрғындары қазақтың қолөнеріне, ұлттық дүниелерге ерекше ықыласпен қарайды. Қатысамын деушілердің саны жоспарланған межеден асып кетті. Бұл  халықтың шынайы қызығушылығының, рухани тамырға оралуының айқын көрінісі», – дейді Жанар Төрениязқызы.


Сондай-ақ, жоба жетекшісі қолөнердің адамға әсері жайлы ерекше тоқталды:

– “Қолөнер – адам баласы үшін ең асыл дүниелердің бірі. Қолөнермен айналысқан кезде адамның екі қолы қатар жұмыс істейді, ал сол сәтте мидың екі жарты шары да белсенді түрде іске қосылады. Бұл – нейрондардың жұмысын жандандырып, сана-сезімді, ішкі жан дүниені дамытатын құбылыс.

Әсіресе, ұлттық қолөнермен шұғылдану арқылы адамның ұлттық коды оянады. Әр қолөнер туындысында — тарих жатыр, мағына жатыр, ұлттың жаны жатыр.”

Шын мәнінде, Атырау облысынан басталып, Құлсарыда жалғасқан бұл игі бастама - ұлттық құндылықтарға бет бұрудың, ұмыт бола бастаған өнер түрлерін қайта тірілтудің нақты үлгісі. Осындай жобалар арқылы ұлттың рухы күшейіп, болашақ ұрпаққа берер рухани азығы молая түспек.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT