Асық ату челленджінің тағылымы

Асық ату челленджінің тағылымы
Фото: П.Қизатова

Асық ойындары — қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Және бұл ойындардың ішіндегі бағзыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Ондай қасиеттері болмаса, адам ойында да, өмірде де көздеген мақсатынан шыға бермейді. Бұл ойынның еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ойнайтын түрлері де болған.

Осы ұлттық ойынды жаңғырту мақсатында ауданда керемет сайыс өтті. Оны қаладағы М.Сатыбалдиев атындағы №18 мектеп ұжымы ұйымдастырып, «Асық ату челленджін» бастады. Онда 2 сынып оқушылары әкелерімен бірігіп, асық ату сынына түсті. Балалық шағын есіне алып, баласымен жеңіске жету үшін барын салған әкелердің белсенділігіне тәнті болды көрермендер. «Қой асығы демеңіз, қолайыңа жақса, сақа қой» деп, асығының алшысынан түскенін көздеген қатысушылардың осалы болмады. Нәтижесінде бас жүлдені 9 ұпаймен Рамазан Қарабатыр мен әкесі Айбат Құлғазиев жеңіп алды. 1-орынды 8 ұпаймен Мұхаммед Әбдікәрімов пен әкесі Есет Оспанов иеленсе, 2-орынды орынды 8 ұпаймен Дамир Жұмабеков әкесі Кенжебек Жұмабековпен ұтып алды. Ал 3 орынды 7 ұпаймен Аманқос Мұстафа мен әкесі Аманқос Толыбай, сондай-ақ 4 ұпаймен 2 «В» сынып оқушысы Қуат Мадияр мен әкесі Дархан Мейрамов иеленіп, алғысхат, сыйлықтармен марапатталды.

Әрине, ұйымдастырушылар мен ұстаздар балаларын қолдап келген әкелерге алғысын білдіріп жатты. Ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиелік мәні зор осындай шараларды өткізу болашақ ұрпақтың тәрбиесі үшін маңызы зор екені сөзсіз. Қазақ баласының мергендігін арттырып, оны дәлдікке, есепке үйрету үшін осындай ойындарды ойнатудан бастаған. Асықты ешкім қолдан жасап жатпайды, табиғи нәрсе. Бұл ойынды дамыту арқылы, біріншіден, халқымыздың ежелгі дәстүрін жаңғырта аламыз, екіншіден, генетикалық толық ойлау үрдісін қалыптастыруға сеп. Бұл челлендж болғандықтан, аудандағы барлық мектепте өтіп жатса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. «Асығың алшысынан түссін!» деп тілек айтатын алаш баласы ұлттық спортқа ден қойса, ертеңгі ұрпағының да тамырынан ажырамайтыны анық.

П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT