Наурыз мейрамы аудан көлемінде де айрықша атап өтілді. Мұсылмандар үшін қасиетті жұма күніне тап келген 14 наурыз - Көрісу күнінде қала көшелерінде де мерекелік леп ерекше сезілді. «Наурызнама» онкүндігіне сәйкес ақшам уақыты кіргеннен кейін, тұрғындар ауызашардан соң орталық алаңға қарай ағылды. «Көрісу-ынтымақ пен берекенің бастауы» атты мерекелік бағдарлама көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады.
Аудандағы төтенше жағдайға байланысты қала орталығында көптен бері ашық алаңда мерекелік шаралар өтпей келе жатқаны рас. Тұрғындар да сағынса керек, кешке келген қонақтардың қарасы қалың болды. Қасиетті Рамазан айы мен Амал мерекесінің шапағатын қатар сезінген жерлестеріміз бір-бірімен арқа-жарқа амандасып, қол алысып көрісіп, төс түйістіріп, құшақтасып жатты. Оның үстіне, аудан өнерпаздарының өнері де рухани қуат сыйлап, мереке ажарын аша түсті.
Иә, тарихи деректерге сүйенсек, «Амал» деген наурыз айының ескі аты және басталу уақыты осы 14 наурызға сәйкес келсе керек. Қазақтар, жалпы Орта Азия халықтары ежелден осы күнді жылдың басы санап, думандатып тойлайды. Бабалар салған сара жолдан таймаған жылыойлықтар да бұл көштен қала қойған жоқ.
Әлібек Амандық пен Гүлсезім Амантурлина тізгінін ұстаған кеш айтарлықтай әдемі әсер сыйлады. Жандарбек Ералиев, Нұргүл Бақтығалиева, Күміс Молдабекова, Жақсыбай Өркен, Ризабек Серік, Назгүл Жиенбаева, Жайнаргүл Баймешова, Бақтияр Сенғалиев, Жайна Нұрханова, Рита Самендирова, сынды әншілердің орындауындағы «Ауыл жатыр той жасап», «Көктем вальсі», «Әдемі-ау», «Аққу арман», «Мен – қазақпын», «Бақытыма балаймын», «Мен сыйға тартқан орамал», «Науат», «Мақпалжан», «Моншақтар», «Ел аман болсын», «Арманай» атты басқа да әуелеген әндер Жылыойдың көгін думан-жырға бөледі. Құлақтың құрышын қандырған саздарымен жүректі тебіренткен жергілікті өнерпаздың мерейін көрермендер де қол шапалақтап, ыстық ықыласымен көтеріп қойды. «Жем аруы» халықтық би ансамблі мен «Би- Би» үлгілі би ансамблінің мың бұралған бишілері де жұрттың назарын аударып, таңдай қақтырды.
Кеш жүргізушісі Әлібек Амандық:
- Бүгінгі концерт жоғары деңгейде өтуде. Мұндай шаралардың тізгінін ұстау – үлкен мәртебе. Абыроймен өткеріп шықтық деп ойлаймын. Бастысы, көрермендерге ұнаса болғаны. Ал, кешке келген тұрғындардың санында шек болмады. Жұрт көбірек жиылған сайын біздің де шабытымыз шалқарлана түседі,-деді өз сөзінде.
Жас көрермендердің бірі Асылбек Жылқыбаев та алған әсерімен былайша бөлісті:
- Тамаша концерт болды. Иә, кейде өзіміздің өнерпаздардың лайықты бағасын бере алмай жатамыз. Бірақ, бүгін жерлестеріміз жарады. Әдемі кештің куәсі болдық. Әсіресе, ашық аспан астында болған концерттің сыйлайтын эмоциясы мүлде бөлек. Барша ұйымдастырушылар мен өнер иелеріне алғысымды айтамын.
Сол күні өнер көрсеткен барлық әншілер қосыла шырқап, «Жылыойым – жырдың мекені» әнімен мерекелік шараның шымылдығын жапты. Бойымызды шымырлатып өтіп, жүрекке жеткен бұл ән патриоттық сезімімізді де бір серпілтіп тастады. Туған жерге деген махаббатымызды одан әрі өршіте әсерлі кештен әдемі әсер алған қалың көрермен де керемет көңіл-күймен тарқасты.
Амал мерекесі «Ақмешіт» мәдени-тарихи кешенінде де айрықша атап өтілді. Өткен бейсенбі күні жаңадан салынған үлкен қонақ үй бөлмесінде наурыз дастарханы жайылып, алдымен, келушілерге ауызашар берілді. Одан кейін бабалар рухына арналған бірлік оты жағылып, аруақтарға арнап Құран оқылып, дұға бағышталды. Ата-баба аруағына зиярат етіліп, тарауих намазы оқылып, қасиетті Рамазан айының құлшылық ғибадаттары орындалды.
Соңынан алыс-жақыннан келгендерге қонақасы беріліп, жұртшылық қазақтың жаңа жылы – Наурыз мерекесін ұлттық тағамға толы кең дастархан басында қуана қарсы алды. Қол алысып, көрісіп, төс қағыстырып, құшақтасып, бір-бірін Амал мерекесімен шын жүректен құттықтаған ағайын наурыздың ақша қарындай ақжарма ақ тілегін ақтарды. Ақсақалдар ақ батасын беріп, жастар жағы жүрекжарды жылы лебізін жаудырып, Тәңірден елге аманшылық, жұртқа тыныштық сұрап, дұға тіледі.
Е.АЛТАЙҰЛЫ