Аспандаған азық-түлік бағасы

Көлігі бұзылып, көптен қоғамдық көлікке мінбеген бір ағамыз амалсыздан қалаішілік автобустың қызметін пайдалануына тура келді. Отырған соң жолақысын сұрамай ма? «50 теңге!» дегенді есіткен ол кәдімгідей таң қалып: «Осы билеттен басқа нәрсенің бәрі қымбаттап болды-ау!» демесі бар ма?

Ойлап қарап отырсақ, шынымен де Құлсары қаласында қымбаттамай тұрғаны тек қоғамдық көлік қызметінің ақысы ғана екен. Азық-түлік бағасы жаңа жылдан бастап шарықтап барады. Тіпті жыл басында қоғамдық келісім кеңесінің ұйымдастыруымен өткен мониторингтік топпен бірге рейдке шыққанда көтерме сауда орындарының өзінде әлеуметтік маңызы бар тамақ өнімдерінің құнында өткен жылмен салыстырғанда өсіңкілік бар екенін аңғардық.

Ресей мен Украинаның арасындағы соғыстың салдарынан салынған санкцияның кесірінен Қазақстанмен арадағы шекараның жабылуы «жығылған үстіне жұдырық» болды. Доллар қымбаттап, тамақ тағы қымбаттады.Сауда нүктелерінде аяқ астынан секер ұшты-күйлі жоғалып кетті де, біраз күннен кейін пайда болды. Бұл да қант құнының өсуіне әкеп соқтырды. Жұрт тойларда тілек айтса сөз арасында нанмен бірге «секерің көп болсын!» деп әзілдейтінді шығарды.

Жалпы байқап жүрміз, елде бір зат қымбаттар алдында, ол міндетті түрде сауда сөрелерінен азайып немесе жоғалып кетеді. Мәселен, жанар-жағармайды алайық. Әуелі бекеттерде бензин таусылады, иә тапшылық пайда болады. Соны пайдаланған сатушылар бағаны күрт өсіреді. Кейін жағдай тұрақталады. Бірақ, баға түспейді.

Өткен жылы мемлекет халықтың зейнетақы қорындағы жинақтарының бір бөлігін алуға рұқсат берді. Бұл алпауыт компанияда жұмыс жасайтын адамдар үшін жағымды жаңалық болғанымен, қарапайым халыққа оңайға соққан жоқ. Өзгелер қосымша үйлі болып, көлік мініп жүргенде, табысы мардымсыз, баспанасы жоқ жандар қолжетімді пәтерге ие бола алмай не бітпей тұрған үйінің құрылысын салып ала алмай әуре-сарсаңға түсті. Өйткені, зейнетақы жинағы елдегі пәтер нарығында үй бағасының күрт өсуіне себепші болды. Ол өз кезегінде құрылыс материалдарының қымбаттауына әкеп соқтырды.
Біздегі бір затты қымбаттатудың «әдісі», міне, осындай.

Қазір Ресей мен Қазақстан арасындағы шекара ашылды. Бірақ , соған қарамастан, көрші елден келетін көптеген азық-түлік, құрылыс материалдарының, автокөліктің қосалқы бөлшектерінің құны сол қымбат күйінде қалып отыр. Бұл қымбаттау қашанға дейін созылар екен?

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT