Ашықтық пен сенімділік артты

Мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттырып, жастар арасында оның беделін көтеру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы орайда, елімізде 2025–2027 жылдарға арналған “Адал азамат” идеалдары негізінде мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және жеке қасиеттерін насихаттау бағытында түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Айталық, 19 маусым күні аудан жастарына арналған “Ашық есік” күні ұйымдастырылып, мемлекеттік қызмет саласындағы ашықтық пен сенімді арттыруға бағытталған келелі кездесу өтті. Іс-шараға аудан әкімдігінің дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысып, мемлекеттік қызметтің мазмұны мен маңызын жастарға кеңінен түсіндірді.

Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілер өздерінің тәжірибесімен бөлісіп, бұл саланың жауапкершілікке толы екендігін атап өтті. Сондай-ақ жастарға дұрыс мамандық таңдау, сапалы білім алу және қоғамда белсенділік таныту секілді өмірлік маңызды бағыттар бойынша ой қозғап, кеңес берілді. Шара еркін форматта өтті, жастар көкейлерінде жүрген түрлі сұрақтарын қойып, нақты жауап алу мүмкіндігіне ие болды.

Іс-шара аясында жастар ауданымыздағы ірі өндіріс ошақтарының бірі – “ҚазТрансОйл” АҚ-ына қарасты Құлсары мұнай құбырлары басқармасының қызметімен танысты. Сонымен бірге “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы және “Мансап» орталығының жұмысымен де танысып, аталған мекемелердің қызметтері, жастарға арналған мүмкіндіктер мен қолжетімді мемлекеттік бағдарламалары туралы кеңінен мағлұмат алды.

Бұл шараның басты нәтижесі – жастардың болашаққа деген көзқарасының кеңеюі, мамандық таңдаудағы сенімі және еңбек нарығына бейімделуіне бағыт-бағдар беру еді. Жастармен ашық тілдесу – олардың мемлекетке деген сенімін арттырып қана қоймай, жауапты азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. Жылыой жастарының білімге, еңбекке, қоғамдық өмірге белсенді араласуға деген ұмтылысы бізді қуантады. Алдағы уақытта да осындай форматтағы кездесулер өз жалғасын табады деп сенемін.

 

А.ТЕМІРЖАНОВ, аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT