Аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХІ сессиясында ауылдық округтер мен қаламыздың бюджеті қаралды. Одан бөлек, ереуілге шығушылардың арнайы орындары бекітілді. Ми- тингте де жүйе болуы тиіс. Бұл ретте тиісті бөлім бас- шысы бейбіт жиналыс өткізуге байланысты ережеге өзгерістер енгізуді ұсынды.
КЕЛІСКЕН ШЕШІМ КЕЛТЕ БОЛМАЙДЫ
Өткен аптада өткен аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына 14 депутаттың 10-ы қатысты. Одан бөлек аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов, арнайы бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері болды. Мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев регламентті бекітіп, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырып, баяндамашыларға сөз берді. Алғашқы мәселе бойынша аудандық қаржы және экономика бөлімінің басшысы Жанар Дүсіпова сөз алды:
-2024 жылға арналған бюджетке Құлсары қаласының, Жаңа Қаратон кентінің, Жем, Қосшағыл, Майкөмген және Ақкиізтоғай ауылдық округтерінің бюджеттері 9 млрд. 133,3 млн. теңгеден 10 млрд. 396,3 млн. теңгеге нақтылану көзделуде. Атап айтқанда, өз кірістер есебінен 181 млн теңгеге және аудандық бюджеттен трансферттер есебінен 1 млрд 82 млн. теңгеге өсіру көзделіп отыр. Құлсары қаласына жалпы 1млрд 379,3 млн қосымша қаржы құюды ойлап отырмыз, оның ішінде, кірістер есебінен 170,5 млн.т. болса, аудандық бюджеттен трансферттер ретінде 1млрд 208,8 млн теңге. Бұл қаржы мынадай жобаларға жұмсалмақ: үстемақыға – 8,1 млн, іс- сапар шығындарына – 3,0 млн, қала көшелеріне брус - чатка төсеуді аяқтауға – 147,4 млн, су тасқынынан зардап шеккен электр желілерінің тіректерін қайта қалпына келтіруге және ауыстыруға 22 млн. теңге қосымша бөлінеді. Қаламыздағы әмбебап балалар ойын алаңы құрылысын аяқтауға (11 алаң) – 500,0 млн. теңге, инженерлік инфрақұрылым құрылысы және аулаларды абаттандыруды аяқтауға (30 аула) – 707 млн. теңге, су тасқынынан бүлінген қала көшелерінің брусчаткаларын қайта қалпына келтіру үшін 293 млн. теңгеге өсіру жоспарланып отыр,-деді.
Жанар Дүсіпова өзге де жасалғалы тұрған жұмыстардың барлығын жіпке тізгендей қылып баяндап өтті. Бұл шешімді қабылдауда депутаттар қолдау білдіріп, ешкім қарсылық танытқан жоқ.
ЗАҢ ОРЫНДАЛУЫМЕН ҚҰНДЫ
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Ішкі саясат бөлімінің басшысы Арай Нұрмаханова былай деді:
-Ауданда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру үшін белгіленген арнайы орындар: Құлсары қаласы, Махамбет даңғылы, аудан әкімдігіне қарсы орналасқан сахна алаңы және Орталық стадионға қарсы орналасқан «Кең Жылой» мәдениет үйінің алдындағы алаң. Ал бейбіт жиналыстарды өткізуге арналған жүру маршруты: Құлсары қаласы, Махамбет даңғылы, «Мариям» сауда үйінен бастап Рәміздер алаңына дейінгі көше бойы. Бұл жерлерге шекті толу нормалары да бекітілді: сахна алаңында – 600 адам, «Кең Жылыой» мәдениет үйінің алдындағы алаңда – 250 адам, «Мариям»-нан Рәміздер алаңына дейін 350 адамнан аспауы тиіс.
Жергілікті атқарушы органның келісімінсіз бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарда киіз үйлер, шатырлар, өзге де құрылыс жайлар орнатуға жол берілмейді. Бірнеше қатысушы өткізетін пикеттеуді жүзеге асыратын адамдар арасындағы ең аз қашықтық кемінде 100 метрді құрайды. Бейбіт жиналысты өткізілетін күні жергілікті уақыт бойынша сағат 09:00-ден ерте бастауға және сағат 20:00-ден кеш аяқтауға болмайды. А.Нұрмаханова өзге де ережелерді егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.
Депутаттар бұл жолы да қарсы келмеді. Осы орайда мәслихат депутаты Ерлан Нұрланов:
-Ауданымызда жұмыстар жасалып жатыр. Көз көріп, құлақ естіп жүр. Бірақ, сол жерлердегі тазалық сын көтермейді. Себебі, құрылыс жүріп жатқан аймақтарда мердігер мекемелер кей жағдайда артын жинап кетпейді де, қоқыстар көшеде ұшып жүреді. Көп істерді тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдесе деймін. Қазір дамыған за ман, слайд арқылы арнайы фото,видеомен көрсетсе, жақсы болар еді. Келесі сессия отырысында баяндамашылар осы мәселенің алдын алады деген ойдамыз, -деді.
Қорытынды сөзді аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов айтты:
-Қазіргі таңда аудан басынан оңай кезеңдер өтіп жатқан жоқ. Сол себепті, билік пен бұқара біріге жұмыс жасауымыз керек. Қателіктер бар екенін жоққа шығармаймыз. Бірақ, сол олқылықтың орнын жұмыла отырып толтыратынымызды білуіміз керек. Кез-келген іске атүсті қарауға болмайды,-деді қысқаша.
Е.АЛТАЙҰЛЫ