Ашық кездесу, ұтымды ұсыныстар

Жуырда «Теңізшевройл» ЖШС-нің өкілдері аудан тұрғындарымен кездесіп, өлкедегі әлеуметтік жобалар мен олардың өңірдің өркендеуіне қосқан үлесі жайлы талқылау өткізді. Айта кету керек, бұрын мұндай кездесулер қоғамдық-консультативтік кеңестің отырысы ретінде ұйымдастырылып келсе, ал өткен жылдан бастап оған ауданның барлық мүдделі азаматтары қатыса алатын болды.

Кездесуге аудан әкімдігінің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, белсенді азаматтар, тұрғындар қатысты. «Теңізшевройл» компаниясының Үкіметпен және қоғаммен байланыс бөлімінің өкілі Нұрлан Ерғалиев көрсетілген демеушілік қолдау туралы, Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында өңірде үкіметтік емес ұйымдар жүргізіп жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен түсіндіріп өтті.

Оның айтуынша, осы жылы 16 үкіметтік емес ұйым 21 жобаны іске асырып жатыр. Соның ішінде ауданымыздан 4 үкіметтік емес ұйым бар. Бұлардың барлығы дерлік ауданға оң әсерін тигізіп жатқанын атап өткен жөн. Белсенді азаматтар білім беру сапасын жақсарту мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған жобаларға ерекше қызығушылық танытты. Айталық, «Шырақ» жобасы аясында ауданнан 20 бала маусым-шілде айларында балаларға арналған IT лагерьде болады. Олар графикалық дизайн мен фронт-енд бағдарламалаудың (HTML, CSS) негізін үйренеді.

ТШО өкілдері 37 мердігер компаниямен жасалған меморандумның жүзеге асырылу барысы жөнінде де ақпарат беріп өтті. Еске сала кетейік, осы жылдың наурыз айында аудан әкімдігі, ТШО және мердігер мекемелер арасында жұмыспен қамту мәселелері бойынша үшжақты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Әрине, тұрғындар мен қоғам белсенділерін көп мәселе қызықтырды. Олар жобаларды жетілдіру және ауданды одан әрі дамыту мүмкіндіктері жайлы өз ұсыныстарын белсенді түрде ортаға салды. Солардың ішінде жабдық сатып алу, жобаларды кеңейту, жаңа жобаларды ұсыну мүмкіндіктері және басқа да мәселелер бар.

Иә, тұрғындармен кездесу «Теңізшевройл» компаниясының бұрыннан келе жатқан игі дәстүрі. Бұл компанияның ашықтығын көрсетіп қана қоймай, тұрғындарға өз сұрақтарын компания өкілдеріне тікелей қоюға мүмкіндік береді. Бір жағынан бұл кездесудің басты мақсаты – компанияның ауданның дамуына қосып жатқан әлеуметтік үлесі туралы халықты хабардар етіп отыру.

Жартыжылдық жоспар -101,2 пайыз

«Ембімұнайгаз» АҚ-да 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы өндірістік және қаржылық-экономикалық көрсеткіштердің орындалысы қорытындыланды. Бұл жөнінде «Ембімұнайгаз» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Өңір өндірісіндегі негізгі көрсеткіштер туралы компанияның Бас директоры Ринат Ізмұханбет Басқару аппараты ұжымымен өткен кездесу барысында хабарлама жасаған.

Ресми мәліметке сүйенсек биылғы алты айда өнім өндіру жоспары 101,2 пайызға, ал мұнай тапсыру көрсеткіші 101,5 пайызға орындалған. Бұл жетістікке қол жеткізу, ең алдымен, геологиялық-техникалық шаралардың тиімді жүзеге асырылуының нәтижесі екені атап өтілді. Бас директор жоспардың артығымен орындалуы жақсы нәтиже екенін айта келіп, қол жеткізген межемен тоқтап қалмай, қара алтын өндіру қарқынын әрі қарай да арттырып, жоспарлы көрсеткіштердің толық орындалуы үшін осы бағыттан таймау қажеттігін жеткізді.

Компанияда мұнай өндіруді ұлғайту мақсатында бірнеше инвестициялық жоба қолға алынған. Бұлар табысты жүзеге асқан жағдайда «Ембімұнайгаз» қызметінің даму бағытына тың серпін береді деп күтілуде.

Кездесу барысында әлеуметтік тұрақтылық пен қызметкерлердің еңбек жағдайына қанағаттануын қамтамасыз ету мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, биыл 6 жатақханаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланса, оның үшеуінде жұмыс қазірдің өзінде басталып кеткен. Сонымен қатар, кадр саясаты бағытында «Серпін», «Алып», «Дуалды оқыту», ішкі тәлімгерлер мектебі сынды бірқатар жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді.

Осыған дейін компания басшылығы бірінші жартыжылдық қорытындысына арналған есепті кездесуін барлық мұнай-газ өндіру басқармаларында, соның ішінде «Ембімұнайэнерго» мен Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен комплектациялау басқармаларында өткізген болатын.

Таяуда Атырау облысына жұмыс сапары аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Асхат Хасенов «Ембімұнайгаз» АҚ-ның бірқатар өндірістік нысандарын аралады. Соның ішінде біздің өңірде орналасқан Прорва кен орнындағы бірқатар жобалар да бар. Бұл жөнінде қоғамның баспасөз қызметі хабарлады.

Жарқын жобалар жүзеге асуымен құнды

 

А.Хасенов өндіріс ошағындағы мұнай мен газды өндіру тиімділігін арттыру, операциялық шығындарды оңтайландыру бағытында іске асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты.

Сапар барысында басқарма төрағасы Асхат Хасенов аудандағы іргелі кеніштің бірі - Батыс Прорва алаңындағы газ ұңғымаларын игеру жөніндегі бірінші іске қосу кешенін салу алаңына барды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жоба үш кезеңмен жүзеге асырылады. Біріншісінде - мұнай өндіру көлемі 45 мың тоннаға дейін, ал газ өндіру 160 млн м³-ке дейін артатын болады. Екінші және үшінші кезеңдерді іске асыру 2026–2027 жылдарға жоспарланған. Нәтижесінде бұл ірі жоба Батыс Прорва алаңындағы газ өндіру көлемін 600 млн м³-ке дейін көбейтуге мүмкіндік береді.

Сапар барысында Асхат Хасенов Исатай ауданында да болды. Онда орналасқан Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен орнындағы инвестициялық жобамен танысты. Жоба бойынша жылына 80 млн м³ газды өңдеуге арналған кешенді газды даярлау қондырғысы (УКПГ) салынып жатыр. Нысанды іске қосып, пайдалануға беру 2026 жылдың көктеміне жоспарланған. Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен орнын игеру басталғаннан кейін, жылына 100 мың тоннадан астам мұнай өндіруге мүмкіндік болады.

Бұдан бөлек, Асхат Хасенов С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің оқу-өндірістік полигонының құрылысымен танысты. Бұл нысан «Ембімұнайгаз» АҚ-ның қаржылық қолдауымен салынып жатыр. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 95 пайызы аяқталған. Полигон аумағында 15 оқу алаңы, бұрғылау ұңғымалары қазылып, студенттердің практикалық машықтарын жетілдіруге арналған инфрақұрылым жасалған. Жобаны 2025 жылдың соңына дейін тапсыру көзделуде.

Сол күні ол «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымымен өндірістік кеңес жиынын өткізді. Онда компанияның биылғы бес айдағы жұмыс қорытындысы қаралды. Осы кезеңде 1 млн 140 мың тонна мұнай өндірілсе, бұл жоспардан 14 мың тоннаға артық. Жалпы, 2025 жылға арналған мұнай өндіру жоспары 2 млн 813 мың тоннаны құрайды.

Жалпы жиын барысында қазіргі кезде игеріліп жатқан және тиімділігі төмен кен орындарын барлау, Батыс Қарасор кен орнын игеру мәселелері талқыланды. Бұл жерде мұнай өндіру биыл басталмақ, мұнай қоры 3 млн 102 мың тонна, ал газ қоры 96 млн м³ деп бағаланған. Қисымбай мен Ақінген кен орындарындағы газ қабаттарын игеру, жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселелері де күн тәртібінен қалыс қалмады.

Қорытындысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов «Ембімұнайгаз» басшылығына нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, мұнай мен газ өндіру көлемін арттыру, операциялық шығындарды оңтайландыру және компанияның тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытында бірнеше міндеттер қойды,- делінген баспасөз хабарламасында.

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT