Ашық диалог

Жем ауылдық округінде өткен жиын да осы жылдың маңызды қорытынды басқосуларының бірі болды. Кездесуде ауылдағы инфрақұрылымның жаңаруы, әлеуметтік саланың дамуы, тұрғындар көтерген мәселелердің орындалу барысы жан-жақты талқыланды. Аудан әкімімен кездесуге ауыл ақсақалдары мен белсенділері, шаруа қожалық иелері мен бөлім басшылары, сондай-ақ жастар да қатысты.

Аудан басшысы Жұмабек Қаражановтың сөзінше, биыл Тұрғызба ауылында барлығы 73 мәселе көтерілген. Оның қазіргі таңда 37 тапсырмасы орындалып, 24-іне объективті түрде кездесу барысында жауаптар берілген. 10 мәселе орындалу үстінде болса, 2 мәселе орындалмаған. Ауылда биыл атқарылған жұмыстар аз емес. Соның ішінде Тұрғызба ауылының келбетін жақсартуға бағытталған бірнеше жоба қарқынды түрде жүргізілуде. Ауыл ішіндегі 4 жаңа автобус аялдамасының құрылысы аяқталуға жақын. Жауапты мердігер – «Нұр Радианс» ЖШС. Бұған қоса, Сарбалин көшесіндегі балалар ойын алаңы, Қияқ көшесіндегі шағын аяқдоп алаңы да жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Бұл – ауыл жастары мен балақайлары көптен күткен игілік. Көп жылдан бері аяқталмай тұрған 2017 жылғы ВЛ-10 кВ электр желісінің құрылысы биыл толық бітті. 2,8 шақырым желі тартылып, 5 КТП орнатылған жоба бүгінде тұрақты ток көзіне қосылу кезеңінде. Ауылға кіреберістегі үдеткіш және тежегіш жолақтары салынып, жол қауіпсіздігі күшейтілді. Дала өртінің алдын алу мақсатында округ әкімдігі жаңа көлік алғаны да тұрғындар тарапынан оң бағасын алды. Қауіпсіздік бағытында биыл аудан бойынша орнатылатын 84 камераның ішінде Тұрғызба ауылына 2 жаңа бейнебақылау камерасы қойылатыны белгілі болды. Қажетті нүктелері анықталып, жыл соңына дейін орнатылады. Интернет мәселесі де шешімін тауып, «Алма ТВ» ЖШС арқылы өтінім берген 70 үйге толыққанды интернет желісі жүргізілді. Ауылдағы қоғамдық кеңістіктерді дамытуға да көңіл бөлінуде. Атап айтсақ, «ТШО» ЖШС-нің қолдауымен бір балалар ойын алаңы мен бір спорттық тренажер алаңы орнатылды. Жыл соңына дейін тағы да бір ойын алаңы, бір тренажер алаңы және шағын футбол алаңы пайдалануға берілмек. Ал 2026 жылға арналған жоспарлар да айқын. Ауылішілік 22,9 шақырым электр желісін жаңғырту, 7 жаңа трансформатор орнату жұмыстары басталып кетті. Құрылыс материалдары жеткізіліп, жоба келер жылдың наурызында толық аяқталмақ. Ауыл ішіндегі 18,1 шақырым тас жолдың жаңа кезеңмен салыну жұмысы жалғасуда. Тас жолдың алғашқы қабаты төселіп, құрылыс 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған. Бұған қоса, ауылға 6 шақырым жаяу жүргіншілер жолдарын салу үшін жобалау-сметалық құжаттама дайын, енді 2026 жылы қаржыландыру күтілуде. Жем ауылдық округінің жаңа әкімдік ғимараты да салынатын болды. Ауыл үшін маңызды мәселелердің бірі – жаңа амбулатория салу еді. Бұл бағытта жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, бүгінде жоба Ұлттық экономика министрлігінің келісіміне жолданған.

Иә, биылғы жыл Жем ауылдық округі үшін нақты істер мен жаңа жобалар кезеңіне айналды. Тұрғындардың ұсынысы жерде қалмай, бірқатар мәселе шешімін тауып, ауылдың инфрақұрылымы мен әлеуметтік жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Кездесуде көтерілген мәселелер де алдағы уақытта назардан тыс қалмайтыны айтылды. 

Д.ДЕРБІС

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT