Қоғамда билік пен халық арасында ашық әрі нәтижелі диалог орнауы – ел дамуының басты өзегі. Бұл бағыт Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында айқын көрініс тапқан. Мемлекет басшысы заманауи, тиімді мемлекет құру үшін ең алдымен азаматтардың өтініш-тілегін жедел әрі әділ қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру қажеттігін атап өткен болатын. Осы тұжырымдама аясында халықпен тұрақты кері байланыс орнату – мемлекеттік органдардың басты міндеттерінің бірі.
Осы бағыттағы жұмыстар Жылыойда да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осыған сәйкес аудан әкімі Жұмабек Қаражанов тұрғындармен кезекті жеке қабылдауын өткізді.
Қабылдауға 13 тұрғын келіп, өздерін толғандырған бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, азаматтар баспана мәселесі, әлеуметтік көмек көрсету, кәсіп ашу, көп қабатты тұрғын үйлердің жай-күйі, сондай-ақ жұмыссыздыққа қатысты өзекті сұрақтарын ортаға салды.
Аудан басшысы әрбір тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, заң талаптарына сәйкес түсіндірмелер берді. Кейбір мәселелер бойынша тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы бақылауға алынды. Жауапты қызметкерлерге жұмыстарды белгіленген мерзімде орындау тапсырылды.
– Тұрғындардың өтініш-тілегі – біздің басты назарымызда. Халықпен тікелей байланыс орнатып, олардың мәселесін уақытылы әрі әділ шешу бағытындағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Тұрғындармен ашық диалог – тиімді басқарудың маңызды бөлігі. Осындай кездесулер халықтың нақты сұранысын тыңдап, жергілікті деңгейде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді,-деді аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы.
Айта кету керек, мұндай жеке қабылдаулар халықтың билікке деген сенімін арттырып, өзекті мәселелердің жергілікті деңгейде оң шешім табуына ықпал етуде.




