Ашық диалог – сенімнің алтын көпірі

Қоғамдағы сенімнің алтын арқауы – билік пен халық арасындағы ашық диалог. Ал елдің мұң-мұқтажын естіп, түйткілді мәселесіне бейжай қарамайтын әкім бар жерде үміттің де оты сөнбейді. Осындай мақсатпен аудан әкімі Жұмабек Қаражанов кезекті жеке қабылдауын өткізіп, тұрғындармен ашық жүздесті.

Бұл қабылдау – жай ғана ресми шара емес, әр жүректегі үміт пен уайымның, сенім мен сырдың үнін еститін, елмен етене жақын болуға жасалған нақты қадам еді. Мұнда, әрине, аудан тұрғындары алдын ала жазылым бойынша кезекке тұрады. Жеке қабылдауға өңір басшысынан бөлек аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов, қала әкімі Қадыржан Адинов және дербес бөлім басшылары қатысты.

Ең көп қозғалған мәселенің бірі - жұмыссыздық. Себебі, Теңіз кенішіндегі ірі жоба аяқталғалы аудандағы ахуал ушығып, қос қолға бір күрек таппаған жылыойлықтар қатары көбейе түскен. Соның бірі - алғаш болып аудан әкіміне кіріп, уәжін айтқан ақкиізтоғайлық Шамшарбану Бердіқұлова. Баласының бір жыл бойы жұмыс таба алмай жүргеніне қынжылып, құрғақ уәделер қажытып біткенін жеткізді. Жұмыссыздыққа тіркелсе де, одан қайран жоқ екенін баса айтты. Мәселені толық ұғынған аудан әкімі Жұмабек Қаражанов:

- Қазір жұмыссыздық – аудандағы ең өткір мәселенің бірі. Көргенімдей, сіздің балаңызға 5 күндік жұмыс ұсынылған екен, бірақ өз еркімен бас тартқан. Дегенмен, барлығын бірдей Теңіз кенішіндегі жалақысы жоғары жерге орналастыра алмаймыз. Себебі, аудан бойынша 4000-ға жуық тұрғын жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Біз қолда бар вакансиялардың барлығын ұсынамыз. ТШО компаниясымен де меморандумға отырдық. Сол келісімнің арқасында жұмысқа орналысып жатқан жергілікті тұрғындар да жоқ емес. Алайда, ақиқатын айтсақ, жұмыссыз тұрғындарды түгелдей Теңіз кенішіндегі вахталық әдістегі қызметке кіргізуге мүмкіндік жоқ,-деп жауап қайырды.

Қаланың 7-учаске тұрғыны Әсемгүл Борашева да жолдасының жұмыссыздығын алға тартып, мәселе қозғады. Одан бөлек, Мұқанов көшесіндегі үш көшенің қиылысқан жерінде орналасқан «Алтынгүл» азық-түлік дүкенінің маңында аялдаманың жоқтығын да жеткізді. Көп балалы ана №9 мектеп артындағы автомобиль жолындағы жасанды жол кедергісі алынып тасталғандығын және сол жердегі камераның жасамайтындығына ашынды. Аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы жұмыссыздық жайында жоғарыдағы тұрғынға айтқандай, заңға сәйкес жауап берді. Кейінгі қос мәселе бойынша аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бекет Бозжігітов:

- Аялдамалар салудың өзіндік заңдылығы бар. Сіздің айтқан жерді көріп, тексерейік, егер ара қашықтық тұрғысынан және басқа да заңдық нормаларға сәйкес келсе, аялдама орнатудың қиындығы жоқ. Ал, мектеп артындағы жасанды жол кедергісі «Сергек» камерасы қондырылғаннан кейін алынды. Ол жердегі камера да қалтқысыз қызмет атқаруда,-деді өз сөзінде. Аудан әкімі Жұмабек Қаражановқа бір «КАМаз» қара топырақ сұрап келген тұрғын да болды. Ол – егде жастағы Мафура Берқалиева еді. Өңір басшысы жасамыс жанның өтінішін қабылдап, қол астындағы қызметкерлерге тапсырма берді.

Ал өзінің мұң-мұқтажын ақтарыла айтқан жанның бірі – көп балалы ана Нұрзия Қоштаеваның сөзіне сүйенсек, жолдасымен заңды түрде ажырасқалы баспана мәселесі жанын жегідей жеп келеді екен. Балаларының оқу маусымы аяқталғанша үйінде тұруға рұқсат берген бұрынғы енесі жаз басталысымен пәтерін босатуды талап етіп отыр. Шарадай басы шақшадай болған жалғызбасты көп балалы ана әкімнен көмек сұрай келіпті. Аудан басшысы өз кезегінде мемлекет тарапынан көрсетілетін заңды жәрдемақыларды атап өтті. Оның ішінде көп балалы ана пәтер жалдайтын болса, 50 пайызын мемлекет өтеп беретінін жеткізді. Егер заңдылық тұрғыда көмек керек болса, әкімдік әрқашан ашық екенін де жеткізді. Баласын ерткен ақсақал Аңшыбек Қолбаев материалдық көмек сұрай келді. Себебі, өткен жылғы су тасқыны кезінде Үкімет берген қаржы жаңадан үй салуға жетіңкіремей қалған көрінеді. Ақсақалдың айтуынша, ақша жетпегеннен кейін банктен несие алып, қарызданып қалған. Бірақ аудан әкімі Жұмабек Қаражанов су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың барлығына тиісті мөлшерде ақша берілгендігін алға тартып, қаржылық тұрғыда көмек қолын соза алмайтынын ашық айтты. Семей полигонындағы жарылыстар кезінде әскери борышын өтеген Аңшыбек Қолбаевты қынжылтатын тағы бір мәселе: біздің ауданда атом полигоны аймағында болған жандарға қоғамдық көлікте 100 пайыздық жеңілдіктің қаралмағаны еді. Ал, өзге аймақтарда, тіпті облыс орталығы Атырауда да мұндай жеңілдік бар көрінеді. Аудан әкімі бұл мәселе бойынша аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бекет Бозжігітовке арнайы тапсырма берді.

Келесі болып жеке қабылдауға Гүлжайна Құрманова бастаған I ықшам ауданы 13-үйдің тұрғындары кірді. Топ болып есіктен енген жұрт өздері тұрып жатқан көп қабатты үйдің сиқы кетіп, тіпті апатты жағдайда тұрғандығын жеткізді. Айтқан сөздеріне фото дәлелдеме әкеліп, аудан әкімі Жұмабек Қаражановқа мәселені егжей-тегжейлі түсіндірді. Жаңбыр жауғанда төбеден аққан су төменгі қабаттарға дейін жетсе, жертөледегі кәріз жүйесі де оңып тұрған жоқ. Тұрғындардың дерегінше, қабырғасы да уақыт өткен сайын жарылып, тұруға жарамсыз болып барады. Тұрғындардың түйткіліне толыққанды жауап берген Жұмабек Байрақбайұлы:

- Барлығын түсінемін. Бірақ қазір қаламызда шамамен 293 көп қабатты үй бар, оның 95-і жарамсыз немесе апатты жағдайда тұр. Олардың барлығын есептесек 1000-нан аса пәтер бар. Яғни, бұл мәселе бірден шешілмейді. Жалған уәде беріп, үміт артқым келмейді. Бірақ мұны шешудің басқа да жолдары бар. Мысалы, үйді толыққанды модернизациялауға мемлекет тарапынан пайызсыз несие беріледі. Оны пайдалану үшін пәтер иелері кооперативін өздеріңіз құрып, арнайы құжаттарды әкелсеңіздер, қаражат бөлуге дайынбыз. Ол үшін барлық пәтер иелері «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруы» тиіс. Одан бөлек құрылыс материалдарымен көмек қолын соза аламыз. Бірақ өздеріңіз қосылып, қаржы жинап, жұмысшы жалдайсыздар. Ал, жарамсыз деп тану үшін тұрғындар жеке өздері бірігіп, өз қаржысына бағалаушы шақыртып, жарамсыз деген құжатты тапсыруы керек. Барлық құжат шаруалары шешілгенде ғана әр пәтер иесін үй кезегіне қоятын боламыз. Бірақ оны ұзақ күтуге тура келеді. Себебі, жоғарыда айтқанымдай, қазір кезекте тұрған азаматтардың саны көп,-деді өз сөзінде.

Ал көп балалы отбасы ретінде есепте тұрған ерлі-зайыпты Нұркен Нұрланов пен Жанаргүл Жетпісбаева үй кезегінің жылжымайтынына қынжылды. «Атырау» ықшам ауданындағы көп қабатты үйлер пайдалануға берілмей тұрып 243-ші болған екен. Содан бері бір саты да жоғарыламапты. Оның себебін аудан әкімі:

- Иә, «Атырау» ықшам ауданындағы пәтерлердің құжаты әлі толық аяқталған жоқ. Алдағы айдың ішінде барлығы реттеліп, кезегіңіз едәуір жылжитын болады. Себебі, көп балалы отбасы санаты бойынша 225 тұрғынға пәтер кілті табысталды. «Баспанасыз қалдық» деп байбалам салып, сол кезде пәтер алған кей тұрғындар қазір баспанасын бос қойып, бөлмелерін жалдап қойған көрінеді. Мұндай заң бұзушылықтың барлығын анықтап, пәтерді қайтарып, келесі кезекте тұрған адамға беретін боламыз. Соны ескерсек, кезек те келіп қалар, солай болып жатса, мүмкін жақын арада баспаналы болып қалуыңыз да әбден мүмкін,-деп үміттендірді.

Сол күні аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың жеке қабылдауына бас-аяғы 35 тұрғын келді. Көбірек көтерілгені - жұмыспен қамту, тұрғын үй, балалар алаңын салу, тұрғын үй кезегі және коммуналдық мәселелері болды. Барлық тұрғынға аудан әкімі заң аясында жауап беріп, шешу тетіктерін түсіндірді.

Иә, қоғамның тамыры – халық, ал сол тамырдың соғысын тап басып, сезіне білетін басшы ғана елдің ертеңіне сенім ұялатады. Аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың тұрғындармен ашық әрі емен-жарқын жүздесуі – билік пен бұқара арасындағы көпірдің мызғымай бекіп келе жатқанының айқын көрінісі. Тұрғынның жанайқайы жауапсыз қалмай, көңіл бөлініп, шешімін күткен түйткілдің түйіні тарқатылса – онда ол кездесу өз нәтижесін берді деген сөз. Ал елдің жоғын жоқтайтын, мұңына құлақ түре білетін әкімнің барында үміт те, сенім де, бірлік те бар. Өйткені халықтың үнін еститін билік – мықты билік.

Е.АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT