Жылыой жастары үшін ерекше көңіл-күй сыйлаған жаңа жоба — ашық аспан астындағы «Қараоқы» іс-шарасы ауданымызда алғаш рет ұйымдастырылды. Бұл бастаманы аудандық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып, өңір жастарының басын бір арнаға тоғыстырды.
Кеш орталық стадионның автотұрағында өтті. Аспан астындағы сахнада алып экран орнатылып, қазақ эстрадасының сүйікті әндері көрсетілді. Жиналған жұртшылық жанды дауыста сүйікті әндерін шырқап, өз өнерлерін еркін көрсетті. «Қараоқы» біз білетін қарапайым караокенің қазақша атауы ғана. Жастар ресурстық орталығының маманы Зарина Аманованың айтуынша, іс-шараның атауы да, идеясы да орталық ұжымының шығармашылық ізденісінен туған.
- Бұл идея біздегі барлық мамандардың ойынан шықты. Қаламыздағы жастардың арасында осындай ашық аспан астындағы караокені өткізуді ұйғардық. «Қараоқы» деп атау беру ойы да ерекше болсын деген мақсаттан туды. Бұған дейін біздің өңірде мұндай шара өткен емес,-дейді ол. Атап айтсақ, іс-шараның басты мақсаты – жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасап, олардың қоғаммен тығыз байланысын арттыру. Бұл кеште ауданның танымал өнерпаздары да төбе көрсетті. Олардың қатарында өңірімізге танымал жас әнші Азамат Төрехан бар еді. Көрермен алдына шығып, кәсібилігін тағы бір дәлелдеген ол жиналған жұртшылыққа жанды дауыста әсем ән орындап, кешті шағын концертке айналдырып жіберді.
- Инстаграмнан осы караокенің болатынын көрдім де, арнайы келдім. Мұндай шараларды үлкен қалаларда, мегаполистерде жиі көреміз. Саябақ пен ойын-сауық орталықтарында караоке қондырғылары орнатылады, кез келген адам қысылмай ән айтады, тіпті рэп те оқиды. Бізде де осындай мәдени дәстүр қалыптасса деймін. Жастарымыз өз өнерін жасқанбай ортаға салуы керек,-деді ол бастаманы құптайтындығын жеткізіп.
Кеш барысында қарапайым тұрғындар да, кәсіби әншілер де микрофон ұстап, түрлі жанрдағы әндерді орындады. Қатысушылардың өнеріне қолдау көрсеткен көрермендер қошеметін жаудырып, бірге ән салды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба бір реттік шара емес. Алдағы уақытта «Қараоқы» кештері жалғасын тауып, жастардың өнерін шыңдайтын тұрақты алаңға айналмақ.
Д.ДЕРБІС