Қасқалдақтың қанындай қат қара су

Әсіресе пандемияның өршіп тұрған биылғы жаз айларында су тапшылығын қатты сезіндік.

«Тіршілік нәрі – су» деген даналы сөз озал заманнан бері айтылып келеді. Ол тек «Су - қажет нәрсе» деген мағына бермейді. Су күллі тіршілік атаулы дамуының түп негізі екендігін пайымдаса керек. Қазақ сахарасында ата-бабамыз судың стратегиялық маңызын аса жоғары бағалаған. Ал қазіргі заманда ел судың қадірін баршылығынан емес, тапшылығынан біліп отыр.

Бұрын ауыл-ауылға су құбырлары тартылмаған кезде де су тапшы дедік. Әркім құдығын құлыптап, шелегімен санап су ішті. Аулаға тал, бақша, гүл отырғызу дегенді түсімізде де көрмейтінбіз. Хош, тәуелсіздік алғаннан кейін шаруамыз жайқалып, елді мекендерге ауыз су құбыр арқылы келді. Бұрынғы көрген қиыншылығымызға шүкіршілік етіп, қуанып мәре-сәре болдық. «Өркендерің өскірлер-ай!» - деп үлкенді – кішілі ел басқарып отырған азаматтарға алғысымызды жаудырдық. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады. Баяғы мәселе кесе-көлденеңдеп алдымыздан қайта шыға келді. Өйткені қазір ауыз су тек қыс айларында ғана үздіксіз беріліп, нағыз көп тұтынатын жаз мезгілінде құбыр тоқтап қалатынды шығарды. «Сағатпен береміз» деген жүйе орнатты. Келе-келе кей күндері әртүрлі сылтаумен су бермейтін кездері көбейді. Су жіберген уақытта да құбыр бойындағы қысымы өте төмен болып шықты. Халық сұрайды ғой енді: «Бұл қалай?» - деп. Дайын жауап: «Жоғарыдан, «ҚазТрансОйлдан» су бермейді, халыққа су жетпей жатыр». Амал жоқ, баяғы таз кепеш, сол құдығымызды толтырып, қымтап «Шілдеде сусыз қаламыз ба?!» - деп үркіп отырамыз. Ұзақ сақталған соң судың да сапасы да болмай екен. Әсіресе пандемияның өршіп тұрған биылғы жаз айларында су тапшылығын қатты сезіндік. Қауіпті індеттен сақтанудың бірден-бір жолы – жеке бастың гигиенасын сақтау. Ал ол үшін су ауадай қажет. Сондықтан «Тазалықты сақтау үшін су керек қой!» - деп осы мәселеге жауапты мекемені қайта-қайта құлақағыс қылғанбыз. Селт етпеді.

Жағалай жұмыссыздық, ауылда жанұясында қос қолға бір кәсіп көзін таба алмай отырған жандар қаншама?! Ең болмаса ауласына өздері тұтынатын көкөніс өсірсе, ол да пайда емес пе?! Карантинде баға деген ауыздығын сыпырған асаудай бой бермей, бақылаусыз кетті. Әсіресе аурудың алдын алуға аса қажетті қымыз-шұбаттардың құны да аспандады. Қысылған халыққа бала-шағаның аузынан жырып, тауарды сырттан таситын саудагерлерге сұраған ақшасын санап беруден басқа шарасы қалмады. Мемлекет: «Өзіңді-өзің асыра, еңбек ет!» - деп отыр ғой. Ауылдық жердегі үй жанындағы бақшаның көлемі де үлкен емес. Тұрғын үйге арналған жер учаскесіне әрі кетсе үш-төрт түп ағаш өсіреді. Одан артыққа жері де өлшеулі. Суды есепсіз пайдаланып жатқан қожайын жоқ. Бұрынғы заманда орыс әжелеріміз өз ауласына еккен, өзінің тұтынғанынан артылған қияр-қызанақтарын базарда шым-шымдап сатып тұратынын көріп өстік. Ол үрдіс әлі де бар. Жұрт қазір тиын-тебен санауды үйренген.

Аудандағы су тасымалдаушы мекеме өкілінің Ақкиізтоғай тұрғындарына айтуынша, біздің округ суды ең қөп ішетін ауыл екен. «Оу, ақшасын төлеп отырмыз ғой!» десек, «Жоғарыдан тәртіп солай, суды көп беруге болмайды» - дейді. Ешкімнен қайырымды жауап ала алмайсың. Кеңшілік деген қасиетті ұғымға иек артқан қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған ауылда тұрып, құбырмен ағып келетін қара суды игілігіңе пайдалана алмау, не деген шарасыздық.

Өзім Ақкиізтоғай округінің әкімі қызметінде болған кезімде тұрғындардың алты ай жазда малына, бау-бақшасына, жалпы көгалдандыруға деген қажетін ескеріп, Жем өзенінен ауылға екі шақырымдық техникалық су құбырын жүргіздім. Ауданның өндірістік мекемелерімен тіл табыса отырып, сол құбырдың жұмысына керекті адам күшіне де, материалы мен техникасына да бюджеттен бір тиын ақша сұраған жоқпын. Аталған жұмыс толық аяқталып, құбыр басына су насосын апарып, ауылға су айдау ғана қалып еді... Жоба жүзеге асқанда Ақкиізтоғайдағы су тапшылығы түпкілікті шешілетін еді. Өйткені үнемі су сақтауға жарамды, шағын жасанды тоғанның жобасы да қарастырылған-ды. Өкініштісі сол, мен қызметтен босағаннан кейін көп ұзамай-ақ сол дайын құбыр талан-таражға түсіп кетті. Әттең, ел мен жердің, туған топырақтың тағдырына жанашырлық жетіспеді.

Су мәселесінің айтылуы да, жазылуы да тек осы ғана емес екенін білеміз. Жыл сайын «жырлаймыз». Кейбір үлкен мінберлерден алдағы жасалатын жұмыстардың жоспары да жіпке тізіледі. Соңы құрғақ уәдеге ұласып жатады. Ақыры айналып келгенде, аспан айналып жерге түсердей аптапты шіліңгір шілдеде сусыз отырамыз.

Шүкір, еліміз тыныш, экономикамыздың өсу қарқынының белгісі болар, бірқатар аймақтарда халыққа қажетті инфроқұрылым іске қосылып жатыр. Ал біздің аудан мен облыс өндірісі өркендеген донор аймақ бола тұра, ондаған жылдар бойы күнделікті тұтынатын қара судың жаздыгүні халыққа жетпей қалуының себеп-салдарын нақты білмей келеміз. Қазіргі сумен қамту жүйесінің болашағы тиімсіз болса, онда неге су көздерін алудың басқадай балама нұсқаларын тезірек қарастырмасқа? Міндетті түрде жоғарыдан бұйрық керек пе?

Қазақта «Қыстың қамын жазда ойла, жаздың қамын қыста ойла» деген данышпандық нақыл бар. Ендеше жаздың қамын қазірден қамдау керек. Өйткені бұл өзіміз тіршілік ететін өңірдегі барша халыққа, ертеңгі өскелең ұрпаққа қажет ортақ өзекті мәселе.

Әлімберді Нәріков, 

Ақкиізтоғай ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521