Арыстағы ағайынға жылойлықтардан көмек

Жарылыстан баспанасы зардап шеккен арыстық ағайындарға Жылыой жұртшылығы да қолынан келген көмегін аямай жасап жатыр.

Cенбі күні ауданнан жиналған қомақты қаражат пен материалдық көмек түрлері Арыс қаласына аттанып кетті.

«Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сайлаубай Таласовтың хабарлауынша, аудан халқынан 7 млн. 53 мың теңгенің киім-кешегі, 492 мың теңгенің азық-түлігі мен 185 мың теңге ақша жиналған екен. Барлығын қосқанда жылыойлықтар 7 млн. 730 мың теңгенің көмегін көрсетіпті.

Бұл ретте аудандық, қалалық әкімдік пен «нұротандықтар», аналар кеңесі бір күндік жалақысын аударып, ал мүгедектер қоғамы, кәсіпкерлер, өзге де аудан тұрғындары ақшалай жәрдем берді. Қаладағы «Аққайың» сауда үйі көп көлемде киім-кешек түрлерін, «Вита» компаниясы мен «Dagrsol» ЖШС азық-түлік берді. «Көп түкірсе – көл» дегендей, бұл сөз жоқ, алыстағы Арыстағы ағайынға қиын-қыстау кезеңде зор қолдау болары сөзсіз.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT