АРТИЛЛЕРИСТ

Жыл өткен сайын Ұлы Жеңістің бағасы артып келеді. Себебі жеңістің жолы тек жалаумен, салютпен ғана емес, ананың көз жасымен, жесір мен жетімнің зары, елдің қайғысымен өрілді. Әр отбасы соғыстан шет қалған жоқ. Соның бірі — Құлсары өңіріндегі Байшонас елді мекенінде өмір сүрген Бектілеу мен Бегендік ұрпақтары еді. Олар елге үлгі болып, туыстық, ауызбіршілік пен адалдықтың символындай көрінетін.

Бектілеу мен Бегендік балалары енші бөлмеген күйі бір үйдің екі жағында тұрып жатты. Сол заманда ағайынды отбасылар арасындағы шынайы бауырмалдық ерекше еді: бір табақ асқа ортақ, бір тостаған суға тел болған заман. Жағдайдың қиындығы оларды ешқашан бөле алмады. Қара нанды қақ бөліп, қасіретті бірге көтерді. Бірақ сұрапыл соғыс бұл бірлікті де сынаққа салды.

1941 жылдың маусымында неміс басқыншылары Кеңес Одағына басып кіргенде Байшонастағы наубайханада жұмыс істеп жүрген Исағали Бектілеуовке де әскерге шақырту түседі. Таң ата келген қағаз түске қарайақ Исағалиды әскери комиссариатқа жетелеп, Мақат бекетіне жөнеледі. Тума-туыспен қоштасуға да мүмкіндік болмай, Мақатқа келгенде ғана соңғы рет құшақтасып жатқан халықты көріп, жан-жағына жалтақтай түседі. Кенет ауылдас бір келіншекті көріп қалып:

– Мақатқа ұн тиеп келуге кеткен кісідей ешкіммен қоштаспай жүре беріппін ғой. Біздің үйге барып, менің атымнан екі баламның бетінен кезеккезек сүйші, – деген екен Исағали.

Сол сөз – оның соңғы аманаты, соңғы ізі болып қалды. Автоматын арқалаған сарбаз сол күйі қайтып оралмады.

Арада көп уақыт өтпей оның інісі Байкенжеге де шақырту келеді. Тағдыр бұл шаңырақты тәлкекке түсірді. Ол кезде Байкенженің жары Мақпал ауыр дертке ұшырап, төсек тартып жатады. Бірақ ол бауырлықпен де, азаматтықпен де мойнындағы жауапкершіліктен қашпай, әйелін ауруханаға жатқызып, қоштасып тұрып: – Маған да шақырту келді. Енді көреміз бе, көрмейміз бе, бір Аллаға аян. Қош болғын! – деп соңғы рет көзбен ғана амандасып, майданға аттанып кетеді. Байкенже де үй есігін кері қайта ашпады. Соғыстың қаралы үкімі бұл шаңырақты бір емес, екі бірдей азаматынан айырды.

Арада бір жыл өтпей, 1942 жылдың көктемінде Бегендіковтер әулетіне де майдан хабаршысы жетеді. Алдымен Қабдеш, артынан інісі Үзтір соғысқа алынады. Үзтір Бегендіков артиллерист болып, ІІІ артиллериялық полкте жауынгерлік жолын бастайды. Бірде барлау операциясына шыққанда өз құжаттарын қателесіп, өзімен бірге ала кетеді. Сол кезде әр жауынгер құжатын міндетті түрде батальон комиссарына тапсыруы тиіс болатын. Жауынгерлер түгел тексеріліп жатқанда Үзтірдің аты аталғанда, ешкім танымай қалады. Сонда біреуі қалжыңмен:

– Орыста Иван көп, қазақта Қали көп. Сол Қалидың бірі шығар, – деп айтып қалады. Содан бастап Үзтір Бегендіков майданда "Қали" аталып кетеді. Майдан даласындағы Үзтірдің тағдыры оңай болған жоқ. Ол Чехословакия, Польша, Венгрия сынды Европа елдерін жаудан азат етуге қатысады. От пен оқтың ортасында жүріп, аяғынан ауыр жараланып, төрт ай бойы госпитальда емделеді. Соғыс аяқталғаннан кейін де елге бірден қайтарылмай, тек 1947 жылдың 25 наурызында ғана туған жерге аман-есен оралады.

Туған елге келген соң Оңтүстік Ембі мұнай барлау-бұрғылау экспедициясында еңбек етті. Бар өмірін трактор тізгінінде өткізіп, 38 жыл бойы тынымсыз тер төкті. Оның майдан мен бейбіт өмірдегі еңбегі елеусіз қалған жоқ. ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Ұрыстағы ерлігі үшін», Георгий Жуков медалі, Қарулы Күштерге - 50 жыл, Ұлы Жеңістің 20, 30, 40, 50 жыл толуына арналған медальдар — бәрі де Үзтір атаның жауынгерлік жолының куәсі болды.

Ағалары көрмей кеткен қызықты, Үзтір ата немере-шөберелерімен бірге көрді. Бірақ ел үшін жанын қиған бауырларын үнемі сағынып, есінен шығарған емес. Жетім қалған Исағали мен Байкенженің ұл-қыздары Үзтір атаның құшағынан жылу тапты. Қанша жыл өтсе де, олар аталарын еске алып отырып:

– «Орнында бар – оңалар, орнында жоқ – жоғалар», – деп күрсініп, көз жасын сығып алатын. 1998 жылы Үзтір ата да дүниеден өтті. Бірақ оның елге, ұрпаққа қалдырған өнегесі, ерлігі – мәңгілік. Ол өзі өтініп кеткендей, бейітінің басында өз аты – Үзтір деген есімі жазулы тұр.

Бұл – бір отбасының тарихы ғана емес. Бұл – мыңдаған қазақ шаңырағының бастан кешкен ортақ тағдыры. Бұл – қазақ ерлерінің рухы мен елге деген махаббатының шынайы шежіресі.

Е.АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT