Арнайы техника мен медициналық жабдық табыстады

Жаңа жыл қарсаңында ауданның автопаркі коммуналдық қызметтерге арналған жаңа арнайы техникамен тағы толықты. «Теңізшевройл» ЖШС (бұдан әрі – ТШО) ауданға жалпы құны шамамен 1,3 млрд теңге болатын алты түрлі арнайы техниканы сыйға берді.

Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова: «Теңізшевройл» компаниясы ауданның дамуына тұрақты үлес қосып келеді. Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында бізге жаңа арнайы техникалар табысталуда», – деді.

Техниканың жалпы саны – 18 бірлік. Соның ішінде 2 Hidromek әмбебап экскаватор-жүктегіші, жүк көтергіштігі 15 тонна болатын 5 самосвал, 2 лапалы қар тиегіш, сондай-ақ жақын күндері келетін маневрлік қабілеті жоғары 2 МКМ 1904 көпфункционалды машина, 2 Mitrax MP 749 шағын жүктегіш және 5 ММК-1000 көше сыпыру және тазалау техникасы бар. Бұл жабдықтар ауданның тұрғын үй-коммуналдық қызметтерінің жұмысына қолдау көрсетуге бағытталған.

ТШО-ның үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Нұрмұхамед Қартабаевтың айтуынша, бұл техника көшелерді тазалауға, су басқан аумақтарды қалпына келтіруге және қысқы қар тазалау жұмыстарына арналған: 

«ТШО «Таза Қазақстан» акциясы аясында әкімдікпен бірлесіп, Құлсары қаласының көшелерін жақсартуға атсалысуда. Компания өз қызметкерлері мен олардың отбасылары тұрып жатқан ауданның әлеуметтік дамуын қолдауды жалғастырады», – деді ол.

 Сонымен қатар, Орталық аудандық ауруханаға (ОАА) құны шамамен 18 млн теңге болатын медициналық жабдық сатып алынды. Оның ішінде автоматты донорлық плазмаферез аппараты Haemonetics PCS2 бар.

 Нұрмұхамед Қартабаевтың айтуынша, жабдықты жеткізу мен орнатуға уақыт қажет:

 «Жаңа техниканың іске қосылуы Жаңа жылдан кейін жүзеге асады деп сенеміз. Бұл аудан тұрғындарының денсаулығын нығайтуға қызмет етеді», – деді ол.

 Арнайы техника мен медициналық жабдық аудан әкімдігінің ресми сұранысы бойынша сатып алынып, сыйға берілді.

Еске сала кетейік, өткен жылы да ТШО демеушілік көмек аясында ауданға екі бірлік жол-көлік техникасын – SDLG автогрейдерін және KADEME жол тазалау машинасын, сондай-ақ ОАА-ға күйікке қарсы төсек табыстаған болатын. Компания ауданға көрсетілетін қолдауды жалғастырып келеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT