Арманда кеткен арыс

1968 жылы Алматыда «Жазушы» баспасынан 264 беттік «Үлкен Түркістанның күйреуі» деген құжатты повесть жарияланып, көпшілік оқырманға бірден таралып кетті. 1972 жылы аталған баспадан орыс тіліне (286 бет) аударылып басылды. Кітаптың авторы сол кездегі КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жауапты қызметкері, Қостанай облыстық басқармасының бастығы болған полковник, жазушы С. Шәкібаев еді. Автордың Түркістан легионына байланысты КСРО МҚК (КГБ) және Орталық Азия мен Қазақстан Республикасы МҚК-нің архивтеріндегі барлық материалдарды зерттегені белгілі. С. Шәкібаев кітабының деректік негізі дұрыс екені дау тудырмайды.

Туған жер топырағы бұйырмаған

Құжатты повестте өлкемізге келіп түскен жау парашютистері туралы оқиға архив құжаттары негізінде жазылған. Алдымен, кітаптағы оқиғаларға тоқталсақ. Кітаптың қазақша нұсқасындағы 11-тарауында топ мүшесі С.Құттыбаевты Ағаевтың қалай атып өлтіргені туралы жазылмаған. Осы оқиға өрбитін тұсы кітаптың орыс тіліндегі 4 жылдан кейін шыққан басылымдағы 11-тарауында басылған екен. Кітапта жазылған оқиғадағы С.Құттыбаевтың өлімі былайша өрбиді, сол тұсты түпнұсқада беруді жөн көрдік:

«– Джигиты, подьем! Становись! – скомандовал Бом Бахи чуть свет. Со сна никто не мог понять в чем дело и почему командует Бом Бахи, но тут появился Агаев.

– Скорей в строй! – резким голосом приказал он. Диверсанты быстро оделись и выстроились в комнате.

– Қуттыбаев, выди из строя! – Агаев в упор посмотрел на джигита. Куттыбав сделал шаг впереди, повернувшись кругом, стал лица к товарищам.

– Ты что говорил вчера во время выпивка? – спросил Агаев. Спросил тихо, но Куттыбаев увидел, что глаза начальника налились кровью.

– Что ты говорил, спрашиваю? – страшно закричал Агаев.

– Отвечай немедленно!

Куттыбаев молчал. «Два года ничем не выдавал себя и вот – в последний день...»

– Будешь отвечать? – вдруг тихо спросил Агаев, вытаскивая пистолет. Губы Агаева дернулись от ярости. Он выстрелил. И еще раз. Куттыбаев упал как подкошенный (Падание «Большого Туркестана» повесть-хроника. «Жазушы». Алма-Ата – 1972. с.177-178). Бұдан шығатын қорытынды: чекист-жазушы С.Шәкібаев Ағаевқа қатысты істерді қайта қарап шыққан деуге болатындығы. Сонымен С.Құттыбаев деген кім, қай жақтың тумасы, не үшін Ағаев өз тобындағы сарбазды атып өлтірді.

Кітапта С.Құттыбаев пен астрахандық Валихан Тұрамысовтың тұтқындар лагерінде танысқаны туралы «Бойы ұзын, жүдеу, қошқар тұмсық адам жас жігітке сенімді сияқты көрінген сияқты еді. Ал қазір осының дені дұрыс па екен дегендей, жас жігіт сәл іркіліп, тесіле қарады. Беті үлкен, түрі жайдары. Маңдайы жалпақ. Жасы отызға тақап қалған сияқты. Мейірімді адам. Қой, мұндай кісі бөтен бола қоймас, өзіміздің совет адамы деп шешті жас жігіт.

...

– Менің атым Валихан, фамилиям Тұрамысов. Туып-өскен жерім Астрахань облысы, - деп іркілмей жауап берді жас жігіт.

– Астрахань дейсің бе? Е, көрші екенбіз ғой.

– Сіз қай жердікі едіңіз?

– Мен Гурьев облысы, Маңғыстау ауданынан

– Онда тым жақын болдық қой. Өзіңіздің фамилияңыз кім.

– Құттыбаев, - деді қошқар тұмсық адам» (Аталған кітап. 38-39 б.б.).

Одан әрі Тұрамысовты диверсиялық-барлау тобына жарамайды дегендер ішінен Польшаға аттандырмақ кезіндегі Құттыбаев екеуінің қоштасуы туралы жазылады. Автор Құттыбаевтың ауызына мынадай сөз салады: «Түркістан армиясына түспей тайып кетуге мүмкіншілік болмай қалса, немістің қаруын пайдаланып өз армиямызға қарай өтіп шығу жағдайын қарастырарсың. Өлсек коммунист боп өлейік. Ақырғы сөзім осы! – Қанша қатаяйын десе де Құттыбаев көзіне жас алды (42 б.).

С.Құттыбаев туралы кітаптағы елге келіп түскен екі диверсанттың өзара әңгімесінен.

– Менің ойымнан марқұм Құттыбаев кетпей жүр! –деді Мұқатаев. Қазақстанға ұшар алдында оны Ағаевтың атып өлтіргенін есіне алып. – Қор болып кетті ғой сорлы!.. Егер тірі болса не істер еді ол қазір?

– Ақылды жігіт еді, тірі болса бір жол табар еді. Біз сияқты арбаспай, ашық ақылдасып, Ағаевтан құтылудың жайын ойластырар еді (Аталған кітап. - 161 бет). Архив деректері бойынша С.Құттыбаев Ағаевтың диверсиялық-барлау тобында болған.

Он бесінші ...

... 1944 жылдың мамыр айының басында Гурьев облысының Жылой ауданының аумағына келіп түскен 14 адамдық неміс парашютистері ең ірі диверсиялық-барлау тобы болатын. Бұл топтың мүшелері:

1. Ағаев Әлихан (Иранов) (шын есім-сойы Әмірхан Тілеумағамбетов) 1908 жылы дүниеге келген. Туған жері – Атырау облысының Қызылқоға өңірі. Армияға шақырылғанға дейінгі жұмыс орны – Алматы қаласы. Қызыл Армияның кавалериялық (атты әскер) взводының командирі, лейтенант Ә.Тілеумағамбетов 1941 жылы 17 қараша күні Москва түбіндегі шайқаста немістердің тұтқынына түскен. Германияда өзі құрған «Алаш» қосынының командирі болған. Атырауға келіп түскен диверсиялық топтың командирі. Неміс армиясының обер-лейтенанты.

2. Бисеналиев Бахий (лақап есімі Бом Бақи) – Ағаевтың орынбасары. 1914 жылы дүниеге келген. Туған жері Астрахан облысы, Құмөзек ауданы. Біреудің жалғыз баласы. Қызыл Армияның бұрынғы офицері. 1917 жылы туған. Орыс, татар, қалмақ тілдерін сауатты меңгерген. Неміс армиясының унтер-офицері.

3. Дощанов Зұлқайыр - топ радиостанциясының басшысы. Жалған есімі Зұлқайыр Закиров. Неміс армиясының фельдфебелі.

4. Баташев Балхаш - неміс армиясының унтер-офицері. Диверсиялық топтың дәрігері.

5. Дінішев (шын тегі Тасқараев) Мұхамед - неміс армиясының унтер-офицері. Бұл бесеуі 19 мамыр күні НКВД жауынгерлерімен болған ұрыста қаза тапты.

6. Керімбердиев Рахим - 1921 жылы дүниеге келген. Өзбек КСР, Ташкент облысы, Қарасу ауданы тұрғыны. Білімі аяқталмаған орта. Армияға шақырылғанға дейін «Ұтқыр» колхозында қатардағы колхозшы болып жұмыс жасаған. Қызыл Армия қатарында 1942 жылдың маусымынан. 1942 жылдың кыркүйек айында тұтқынға түскен. Диверсиялық топта бүркеншек тегі Хаджимбетов. Жалған құжат бойынша Сарсембаев, Тулендиев.

7. Басшибаев Жапар - 1916 жылы туған. Алматы облысы, Балқаш ауданының № 12 ауылының тұрғыны. Білімі ортадан төмен. ВКП (б) мүшесі. Орта шаруа жанұясынан. Армияға дейін Балқаш аудандық қаржы бөлімінің салық инспекторы болып жұмыс жасаған. Қызыл Армия қатарында 1940 жылдың ақпанынан қызмет еткен. 1941 жылдың шілдесінде тұтқынға түскен. Топта Жарас Жалтыров, жалған құжат бойынша Сафаров және Келдібеков.

8. Әлжанов Әбдіқадыр - 1917 жылы дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Күшата ауылдық кеңесінің тұрғыны. Орта білімді. Комсомол мүшесі. Байдың баласы. Әскерге шақырылғанға дейін Жамбыл зоответеринар техникумының студенті. 1940 жылы армия қатарына шақырылған. 1941 жылдың шілдесінде неміс-фашистерінің тұтқынына түскен. Түркістан легионында бөлімше командирі. Неміс армиясының обер-ефрейторы. Лақап бүркеншек есімі Майдан Қадыров, ал жалған құжаты бойынша Қали Ысқақов және Ахан Әлиев.

9. Кишебаев Кеңесбай - 1914 жылы шаруа жанұясында туған. Ақмола облысы, Есіл ауданы, «Өмірлік» колхозының тұрғыны. Орта білімді. Партияда жоқ. Соғысқа дейін Есіл МТС-ында механик болып жұмыс жасаған. Қызыл Армия қатарына 1940 жылы шақырылған. 1942 жылдың наурызында неміс-фашистерінің тұтқынына түскен. Парашютистер тобында Қадыр Оспанов болып тіркелген болса, жалған құжаты бойынша Қажыбай Аманжолов және Байтеміров.

10. Оразов Сартмағамбет - 1915 жылы туған. Гурьев облысы, Жылой ауданы, Қарарна ауылдық кеңесінің тұрғыны. Партия қатарында жоқ. Бай баласы. Армияға дейін №3 мұнай айдау құбырында май тасушы болып жұмыс жасаған. 1940 жылдың ақпан айынан армия қатарында. 1941 жылдың 10 шілде күні немістерге тұтқынға түскен. Парашютистер қатарында Махамбетов, жалған құжаты бойынша Сартаев және Өтиев.

11. Омаров Темірболат - 1923 жылы туған. Новосібір облысы, Сдвинск ауданы, Таған ауылынан. Білімі аяқталмаған орта. Партия қатарында жоқ. 1936 жылдан комсомол мүшесі. Армияға дейін ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс жасаған. 1942 жылдың қаңтарынан армиядан қашқан. Бандылар тобында болған, сол үшін 1943 жылы 7 жылға бас бостандығынан айырылып, майданға жіберілген. 1943 жылдың шілдесінде жау қолына тұтқынға түскен. Парашютистер қатарында Жүнісов, жалған құжат бойынша Мұса Омаров.

12. Бабашев Кеңесбек - 1920 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданында шаруа жанұясында дүниеге келген. Білімі төмен. Комсомол қатарында болған. Қызыл Армияға 1940 жылы шақырылған. 1942 жылдың шілдесінде жау қолына тұтқынға түскен. Топта Тұрсынбай Сартаев болса, жалған құжат бойынша Даярбек Асанов және Қалжан Төлегенов.

13. Жақыпов Шайсыдық - 1911 жылы туған. Алматы облысы, Балқаш ауданы, № 9 ауыл тұрғыны. Орта шаруа жанұясынан. Білімі аяқталмаған орта. 1938 жылдан ВКП (б) мүшесі. Армияға дейін Бақанас ауылында бастауыш класс мұғалімі болып қызмет еткен. Қызыл Армия қатарына 1940 жылы шақырылған. 1941 жылдың шілдесінде тұтқынға түскен. Парашютистер қатарында Сәкен Абаев, жалған құжатында Әли Қалиев және Садық Дүйсенов.

14. Қамауға алынған Мұхамадиев Аманғалиға қатысты тергеу материалдары жедел себептермен ерекше өндіріске бөлінді делінеді. Дегенмен кейбір деректер бойынша ол Батыс Қазақстан облысының тумасы. Неміс-армиясының унтер-офицері. Диверсиялық топта радист. Топта жалған есім сойы Ахмет Алғыров және Мир Алғыров. Ә.Ағаевтың Гурьевке келіп түсер алдында Бухарестте атып кеткен топтағы он бесінші адамы Созақбай Құттыбаев кім, қай жердің тумасы, не үшін Ағав оны өлім жазасына кесті деген мәселеге тоқталсақ. Сонымен, мақаламызда біздің тоқталатынымыз Ағаев тобының 15-ші мүшесі С.Құттыбаев туралы болмақ.

Құттыбаевтың құпиясы

...1970 жылдың шілдесінде Ембі аудандық кеңесі атқару комитетінің хатшысы И.Отаровтың атынан С.Шәкібаевқа хат келген. Хат мазмұнында «Үлкен Түркістанның күйреуі» кітабында есімі аталатын Құттыбаевты Ағаевтың атып өлтіргені және сол Құттыбаев Ханбибі Қарабалиеваның баласы ма, шығарма авторынан кітаптағы мәлімет дәл ме, жоқ па, соны сұрап отырғандығы туралы хабарлама жолданған. Сонымен бірге С.Шәкібавқа Х.Қарабалиева ұлы Садақбай Құттыбаевтың соғысқа дейінгі түскен фотосуретімен бірге хат жолдаған. Бұл хаттар архив қорында сақталуы мүмкін. Тек іздестіру қажет.

Хатқа байланысты С.Шәкібаев архив құжаттарына қайтадан үңілген.

-С.Құттыбаев туралы тергеу материалдарында белгілі болғанындай және ол туралы анықталғаны: оның ұзын бойлы, қара торы, маңдайы кең, қара шашты, арықша кескінді адам болған. Х.Қарабалиеваның берген деректері мен тергеу ісі арасында ұқсас мәліметтер кездесті. Бірақ кітапта сипатталған адам оның ұлы деп айта алмадым, - дейді автор. Бұл мәселені нақтылау мен тексеру қажет болды. Осы мақсатта С.Шәкібаев Х.Қарабалиеваға төмендегідей деректерді хабарлауды сұрап хат жазған: Біріншіден, «Садық Құттыбаев қай елді-мекенде дүниеге келген, оларға «Тас-Арпа» деген мекен белгілі ме, ол жерде ұлы өмір сүрген бе?», екіншіден, «Құттыбаев соғысқа дейін мектепте қандай пән бойынша сабақ берген»; үшіншіден, «ол қандай да бір музыкалық аспаптарда ойнады ма»?; төртіншіден, «С.Құттыбаевтың сыртқы түр пішіні қандай?», - деген сауалдар қойған.

С.Шәкібаев бұл сұрақтарына төмендегіше жауап алған: Бірінші - Құттыбаев Садық Маңғыстау ауданының Тас-Орпа (Тас-Арпа емес) ауылында дүниеге келген. Аталған мекенде 10 жасына дейін болған. Екінші - мектепте математикадан сабақ берген. Үшінші - мандалин мен домбырада жақсы ойнаған. Төртінші - сыртқы түр пішіні: ұзын бойлы, маңдайы мен иықтары кең.

-Тергеу деректері мен Х.Қарабалиеваның жауаптары толығымен сәйкес келген. Бұл деректер Ә.Ағаевтың атып өлтірген Садық Құттыбаев Ханбибі Қарабалиеваның ұлы екенін айғақтады. Бірақ бұл туралы нақты оң пікір айту үшін Ағаев тобының ішіндегі сотталған немесе оның тізімінде көрсетілген диверсанттар қатарынан кемінде 2-3 адамды анықтап, оларға Құттыбаевтың фотосуретін тануға ұсыну қажет болды. Мен осы бағытта бірқатар әрекеттер жасадым. Бірақ бекер. Осы жылдар ішінде адамдар жан-жаққа тарап кетті, ал табылғаны басқалардың жүзін есіне түсіре алмады, - деп жазды кітап авторы.

С.Шәкібаевқа тағы да архивтік тергеу материалдарын қолға алуына тура келген. Тергеу материалдары бойынша С.Құттыбаев туралы аздаған нобай деректер жеткені белгілі болды. Ағаев пен С.Құттыбаев 1943 жылдың көктемінде кездескен, бірақ қайда және қалай, қандай жағдайда, ол жағы анық емес. Ағаевтың күнделігімен бірге алынған тізімде 1916 жылы туған Садық Құттыбаевтың есімі бар. Гурьев облысының тумасы, Маңғыстау ауданы Тас-Арпа акылынан (№3 тізім, №50 бойынша). Ағаев тобының жекелеген қатысушыларының айғақтарына сәйкес Құттыбаев соғысқа дейін мектеп директоры болып жұмыс істеген, математикадан сабақ бергендігі, музыкалық аспаптарда жақсы ойнағандығы анықталды. Ағаев тобындағы Сартмағамбет Оразов өз жауабында С.Құттыбаевпен Киев маңында танысқанын және оның сауатты, білімді екендігін айтқан.

Сонымен Садақбай (тумасында Садық) Құттыбаев 1917 жылы туған, Маңғыстау ауданының тумасы. Бесінші сыныпты Жылой поселкесінде оқып, содан кейін Гурьевте білімін жалғастырып, орта мектепті бітірген. Оқуынын аяқтаған соң халық сотында және прокуратурада хатшы болып жұмыс істеді. Кейін Жылой ауылына оралған. Орал қаласында бір жылдық оқуын тәмамдап, 1938 жылдан бастап мектепте мұғалімі болып қызмет атқарады. 1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, 1939-1940 жылдарғы қысқы ұрыс қимылдары компаниясы атанған кеңес-фин соғысына қатысты. Армия қатарынан елге оралған соң 1940 жылдан бастап Маңғыстау ауданы, Таушық ауылындағы орта мектепте директор қызметінде болды. 1940 жылы наурызда ол қайтадан Қызыл армияға шақырылды, ал 1942 жылдың желтоқсанында майданда хабар-ошарсыз кеткен.

Оның әрі қарайғы қилы тағдыры белгілі. Тұтқындар лагері. Ағаевтың диверсиялық-барлау тобының мүшесі. Кеңес тылына түсірілетін топтың барлау мектебіндегі дайындығы. 1944 жылдың сәуір айының соңы мамыр айына қараған түні елден жырақта Бухарест қаласында ажал құшты.

Аққали Ахмет,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Мәңгілік ел» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT