Археология дамымай, тарих түгенделмейді

Мемлекетімізде дәстүрлі өткізіліп келе жатырған Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны алғаш - ұлы даланың басын қосқан - Ұлытауда, екінші - ер түріктің бесігі болған – Түркістанда, үшінші – көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері - Алтын Орданың астанасы Сарайшықпен әлемге аты әйгілі – Атырау өлкесінде өткеніне қуаныштымын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда ұлтымызды жер жүзіне танытудың бірқатар жобаларымен таныстырды. Мемлекет басшысы Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланғанын және осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану керегін атап өтті. Қазақ даласында мыңдаған ғасырлар бойы сыр сақтаған тарихи–мәдени ескерткіштеріміз бен ұлттық мақтанышымыз – Үстірт қорығы, батыс аймағында кездесетін мәдени мұралар жерасты мешіттеріне ерекше тоқталды. Тамыры тереңге жайылған тарихи мұраларды дүние жүзіне танытуға күш салу керегін міндеттеді. ЮНЕСКО мұралары тізіміне Қазақстан мемлекетінің тарихи жауһарлары болып танылған таңбалы тастары енгізілетін болса, қазақ халқының мерейі мен мәртебесінің асқақтағаны деп білемін. Қазақты ұлт ретінде әлемге танытудағы басты ерекшелігіміз де осы болмақ.

Осы орайда 1750-1813 жылдары Жылыой өңірінде дүниеге келіп, өз дәуірінде ерекше танылған, халық батыры, әулие, абыз Бекет Мырзағұлұлының кіндік қаны тамған, алғашқы бала оқытқан мекеніндегі - Ақмешіт және Құлшан жерасты мешіттері де еріксіз ойға оралады. Тарихын тасқа қашаған елдің белгісіндей 300 жылға жуық уақытты артқа тастап, халықтың ықыласы мен мемлекет қорғауының арқасында бүгінгі күнге жетіп отыр. Құрылтайда айтылғандай, біз де өз мекенімізде бой көтерген тарихи-мәдени мұраларды мұқият сақтап, жер жүзіне танытуымыз қажет. Бұл ретте Мемлекет басшысы:

-Біз бай тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнатуымыз керек. Елімізде кәсіби археологтар тапшы, археологиялық қазба жүргізу үшін лицензия беру ісінде шешімін таппаған түйткілдер бар, - деп баса айтып өтті. Музей маманы ретінде Мемлекет басшысының пікірімен келісемін. Музей жұмысының алға жылжуы үшін археологиялық-қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлер ерекше сипатқа ие екенін айтқым келеді.

Иә, келешекке нық сеніммен қадам басу үшін ұлтымыздың өткені мен бүгінін, болашағын тереңірек ойлауды мақсат тұтқан Мемлекет басшысының Атырау өлкесіне келіп тарихта қалар ІІІ Ұлттық құрылтай жиынын өткізгеніне ыстық ілтипатымды білдіремін.

Жазира Нұрмашова, аудандық музейдің әдіскері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT