Қариялар-кеудесі дариялар

Қарттар

Өткен аптада Қарттар күніне орай, аудан әкімі Ж.Қаражанов  ауданымыздағы жасы үлкен қариялардың үйлеріне барып, сый-құрмет көрсетті. Аудан басшысымен бірге аудан әкімінің орынбасары Ә. Шәкіров, аудандық мәслихат хатшысы С.Таласов, қала әкімінің орынбасары Қ.Адинов, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімі басшысының орынбасары Б.Сапарбековтер бірге барды.

Кезінде аудан экономикасы мен мәдени өміріне еңбегі сінген қарттардың аман-саулықтарын сұрап, оларды Қарттар күнімен құттықтады. Мұндай ақсақалдар ауданымызда аз емес.

Солардың бірі Тілеген Қадіров. Ол ауданымыздағы Аралтөбе ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1958-2007 жылдары XX партсъезд ұжымшары, «Коммунизм таңы» кеңшарында механизатор, жүргізуші, кеңшар комсомол комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, Амангелді селолық Кеңесі атқару комитеті хатшысы, «ПНГС» трест кәсіподағы комитеті төрағасы, Құлсары поселкелік, қалалық әкімі орынбасары лауазымдарында қызмет еткен. Ерен еңбегі үшін «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске - 20 жыл», «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медальдарының иегері. Аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.  Жылыой ауданының  Құрметті азаматы.

Ұзақ жылдар мәдениет, журналистика, басқа да салаларда жемісті еңбек еткен Қален Кідібасов биыл торқалы тоқсан жасқа толып отыр. Қария 1932 жылы Амангелді ауылында дүниеге келген. ҚазМУ-ді 1956 жылы бітірген. Ауданның тұңғыш кәсіби журналисі. Облыстық «Социалды құрылыс», аудандық «Коммунизмге алға» газеттерінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Бірнеше дүркін аудандық кеңес депутаты, партком мүшесі, Ембі аудандық партия комитетінде лектор-консультант, нұсқаушы болған. 1965-1975 жылдары аудандық мәдениет бөлімі меңгерушісі, ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының аудандық комитетінің төрағасы. 1975-1987 жылдар аралығында аудандық кино жүйесі директоры болған.  2002 жылы «Жыл адамы» номинациясының жеңімпазы. Жылыой ауданының Құрметті азаматы.

Келген қонақтарды жылы шырайымен қарсы алған қарттар өздерінің өткен өмір жолдары туралы әңгімелеп, жастарға ақ баталарын берді. Игі дәстүрмен үлкенді сыйлап келген аудан әкіміне ризашылықтарын білдірді.

Жастық шағын ауданымыздың гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар қашан да құрметке лайықты. Оларға сый көрсету  – бүгінгі жас буынның басты парызы .

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521