Өзінің майдан даласындағы ауыр өмірінен сыр шертті.
Ел тарихындағы сұрапыл, сұм соғыстың болып өткеніне де 75 жыл толды. Қан қилы майдан жылдары қанша тағдырды жылатып кетті.
Әкесіз өткен жетімек балалық шақ, тартысқа түскен тағдыр, азап пен тауқыметке толы өмір мұның бәрі зұлмат соғыс жылдарының көрінісі болса, жүрекке жылу ұялатып, сөнгенді тұтандырып, келешекке үміт ұялатқан әр жүректегі ұлы ұғым, күткен қуаныш ол - Жеңіс болды.
Жеңістің туын көтерген әр майдангерлерімізге бүгінгі ақ таңымыз үшін мың алғыс. Елімізде ең айтулы мерекенің бірі де осы 9 мамыр - Жеңіс күні. Бұл күнді Атырау гарнизоны әскери полиция бөлімшесінде айрықша атап өтті.
Мейрам күні Ұлы Отан соғысының ардагері Айдын Айбаровтың шаңырағына арнайы құттықтап барып, мерекелік сыйлықтар тапсырылды. 99 жастағы ардагер атамыз Айдын Айбаров қонақтарды қуанып қарсы алып, өзінің майдан даласындағы ауыр өмірінен сыр шертті. Қан майдандағы шайқастарын, қарулас достарын, соғыс даласындағы ерліктерін әңгімелеп берді.
Сұхбат соңында Атырау гарнизоны әскери полиция қызметкерлеріне алғысын айтып, ақ батасын берді.
Бақтияр Дәуренқұлов,
Атырау гарнизоны әскери полиция бөлімшесінің
(әкімшілік тәжірибе) офицері әділет капитаны