Ардагерлерге – алдымен құрмет

Жаңа жыл қарсаңында аудандық полиция бөлімінде ардагерлердің қатысуымен дөңгелек үстел мен жеке құрам арасында «Ерлік сабақтарын» өткізу, аудан мектептерінде кездесулер ұйымдастырып, мереке қарсаңында өз міндетін атқаруда ерекше көзге түскен қызметкерлерді марапаттау шарасы жоспарға енген еді.

Осыған орай, өткен аптада ауданның құқық қорғау саласының жас мамандары Ішкі істер органдарында бұрын қызмет еткен ардаргерлермен кездесті. ІІО-ның байырғы қызметкерлерінің қатарында Мақсот Төлепов, Құбаш Саркенов, Қалыбай Молдабаев, Мұхтар Ізбергенов, Тапатия Бекеновтер бар еді.

Аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Мұрат Демегенов қатысушыларды мерекемен құттықтап, іс-шараның мақсатын атап өтті. Ол өз сөзінде, осыдан 30 жыл бұрын өз алдына жеке-дара дербес мемлекет атанып, егемендікке қол жеткізген еліміздің ертеңінің жарқын болатынына үлкен үмітпен қарайтынын айтып өтті.

Одан соң, ардагер Таппатия Бекенов өткен күндерді еске алып, қызмет жолындағы қызықтарымен бөлісті. Ардагер ақсақал соңынан ерген ізбасарларына тағылымы мол, мағыналы өсиет айтты.

-Ынтымағы мен бірлігі жарасқан, тату елде тұрып жатқанымыз үшін бақыттымыз. Бейбіт елдің халқына қызмет етіп, ел азаматтарының тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті бақылап жүрген сіздер бақыттысыздар. Біздің еңбек жолымызда қиындық та, қызық та болды. Солай уақыттың қалай өткенін де байқамай қалдық. Қазірдің өзінде ауыз толтырып айтарлықтай оң өзгерістерді байқап отырмын. Бар жағдайы жасалған, замануи зәулім ғимаратта жұмыс істеп жүрсіздер. Тынбай, талмай еңбек етуге көптеген мүмкіндіктер қарастырылыпты. Қандай жетістікке қол жеткізсек те, барлығы Тәуелсіздіктің арқасы. Халық арасында полиция қызметкерлері турасында әртүрлі әңгімелер жүріп жатады. Еш қиындыққа мойымай, елге қызмет ете беріңіздер. Бастысы – адамгершіліктеріңді жоғалтпаңдар. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құтты болсын! – деді ардагер Т. Бекенов.

Кездесу кезінде Ішкі істер органдарындағы ұзақ жылғы адал қызметі үшін ардагерлер милиция генерал-майоры Ө.Болсамбековтың, облыс әкімі М.Досмұхамбетовтың, облыстық Полиция департаменті бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтің және аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мұрат Демегеновтердің алғысхаты мен Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ, бөлім басшысының міндетін атқарушы М.Демегеновтің алғысхаты қазіргі таңда бөлімде қызмет етіп жүрген жас полицейлерге де табысталды.

Шара соңында ардагерлер қала көшелеріндегі қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті бақылайтын - Жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Жедел басқару камералары Құлсарының адамдар көп жүріп-тұратын орталық көшелеріне, барлығы 20 шақты нүктесіне орнатылыпты.

-Қандай да бір оқыс оқиғаның алдын алуда немесе анықтауда осы камералардың көмегі зор, - дейді бөлім қызметкерлері. Жедел басқару орталығында камераларды басқарып, қадағалап отыратын арнайы мамандар да бар.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521