«Ауған соғысы – жүректегі жара». Дәл осындай тақырыппен Сафи Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінде Ауған соғысы және Германиядағы Кеңес әскери тобы (ГКӘТ) мен Варшава келісімшарт әскери тобы (ВКШӘТ) ардагерлерінің қатысуымен кездесу кеші өтті. Негізгі мақсаты - жастарды отансүйгіштікке, патриоттық сезімге тәрбиелеу. Онда оқ пен оттың ортасынан оралған азаматтар студенттер алдында сүбелі сөздер айтып, болашаққа бағыт-бағдар берді.
Шараға Ауған соғысының ардагері Әнес Құмарғалиев пен Аманғали Байжұмиев және ГКӘТ және ВКШӘТ ардагерлері Аманбай Баймағамбетов, Асқар Жанғазиев, Қарағұл Қарымсақов, Сабит Сабитаев, Берік Сасаев және басқалар шақырылды. Бұдан басқа, аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім басшысы Ерсұлтан Қаңылбай, колледж ұстаздары мен студенттері қатысты.
Минуттық үнсіздік арқылы бақилық болған боздақтарды еске алумен басталған шараны колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Торғын Орынбасарқызы сөз сөйлеп ашты. Колледждің алғашқы әскери дайындық және технология пәнінің мұғалімі Берік Сергейұлы «Көк тудың желбірегені» әнін шырқап, жастардың рухын көтерді. «Ауған жерінде» бейнебаян сұрапыл соғыстың сұсты жылдарынан хабар берді. Өлім мен өмірдің арасында әскери борышын өтеген ардагерлерге арнап колледждің 1-2 курс студенттерінің квартеті «Ауғанстан» әнін орындады.
Жастардың өнеріне тәнті болған ардагерлер естен кетпес естеліктерімен бөлісті. Аманғали Байжұмиев:
-Бізді алғаш Өзбекстан жеріне оқу-жаттығу жиынына алып кетті. Одан кейін Ауғанстанға жол тарттық. Мен ауыр көлік жүргізіп, жүктер тасыдым. Жүкті КСРО аумағынан Ауғанстанға тасымалдағанда жанымызда қорғаушы әскери күштер, төбемізден тікұшақтар бақылап көп қатерден аман шығатынбыз, қайтарда өзіміз оралатын едік. Сол кезде өте қауіпті болатын.
...Ауған халқының ержүректігі сонша, қаруын тартып алса да, жалаң қолмен жаудан именбей қарсы шабатын. Жырақта жүрген шақта туған жерімізді қатты сағынатынбыз,- дей келе жастарды туған ел мен жердің, бейбітшіліктің қадірін білуге, кез келген уақытта Отанды қорғауға дайын болуға шақырды.
Ал ардагер Әнес Құмарғалиев: «- Бізді кезінде ұшақпен алып кеткен болатын. Астрахань қаласынан Бішкекке жол тарттық. Сол кезде ұшақтың терезесіне үңіліп, Құлсарымызды көріп қалармыз деп отыратынбыз (күлді). Біз Ауғанстан жеріне алғаш барғандардың бірі болдық. Ол кезде ешқандай жағдай жасалмаған, таудың етегіндегі палаткада тұрдық. Алғашында тіптен су болмаған соң, таудың жоғары жағына өрмелеп шығып, шелекпен қар толтырып алып, оны ерітіп су қылып, соған жуынатынбыз. Оған жаздың аптап ыстығы қосылып, қиындықпен арпалысып жүріп, үстіміздің, киіміміздің бәрі жарамсыз болып қалған кездер болды. Солай жүріп, ауылға аман-есен борышымызды өтеп келдік. Қазір мамыражай заман. Құдайға шүкір, қолымызда қажеттінің бәрі бар. Осындай егемен елімізді қорғау - біздің міндет болып қалмақ. Сондықтан, жастарымыз бірінші кезекте әскери борышын өтесін деймін», -деді ол.
Өнегелі өсиетті сөзден кейін, ГКӘТ және ВКШӘТ ардагерлері де студенттерге ақыл-кеңесін айтты. Ауған ардагерлері мен кездесуді ұйымдастырған жандарды Алғыс хатпен марапаттады. І курстың студент қыздары мың бұрала би билеп, колледждің «Жас Ұлан» әскери патриот клубының жігіттері саптық дайындығы мен жаттығу көрсетті. Көздері байлаулы күйде автоматты бөлшектеп және жинап, «оқжатарды оқтарын шашып қайта жинау» жаттығуларын орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Берік Сергейұлы «Город, которого нет», «Атамекен» әнін шырқап, колледждің өндірістік оқу шебері Жарас Ізбасов Ауғанда қаза тапқан досы Ерболат Омаровқа арнаған «Ерболаттай боздағым» өлеңін оқыды.
Ерназ Алтайұлы